02 маусым. АСТАНА. Ummet.kz – Бай мен кедейдің, бар мен жоқтың арасын жақындатып, барша мұсылман қауымның басын қосатын қасиетті Рамазан айында «Нұр Астана» орталық мешіті күнделікті ауызашар беруде, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.
«Кімде-кім Рамазанда ораза тұтқан кісіге ауызашар берсе, күнәлары кешіріледі. Ораза тұтқан кісінің сауабына тең сауап оған да беріледі», - деп хадисте айтылғандай, ауызашардың сауабынан үміт еткен қайырымды жандардың атсалысуымен берекелі Рамазан айының алғашқы күнінен бастап күнде кешке 400 адамға тұрақты ауызашар беріліп отыр. Ауызашарға келген қауымды «Нұр Астана» орталық мешітінің жанында арнайы орналастырылған шатырда мешіт қызметкерлері күтіп алып, қызмет көрсетуде. Ауызашардан шыққан соң жиылған жамағат бір кісідей құптан мен тарауық намазына қатысып, дұға-тілектерін жасады. Мешіттен шыққаннан кейін Рамазан айы үшін арнайы ұйымдастырылған тегін автобустармен белгіленген бағыттар бойынша керекті жерлеріне жетуде.
Бұқара халық Рамазан айының берекесі мен рухани ляззатын сезінуге осындай жағдайлар жасап, мүмкіндіктер тудырып отырған ұйымдастырушыларға дән риза.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі.