9 мамыр. Астана. Ummet.kz – Астана имамдары қос мереке қарсаңында ардагерлерді зиярат етіп, мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.
Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кішілерімізге мейірімді болмаған, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген адам бізден емес», – десе, түркі халықтарының ортақ тұлғасы Махмұд Қашғари: «Жасы үлкенді қадірлесе құт болар», – деп өсиет еткен екен. Ендеше, жастық дәуренін алапат соғыс ішінде өткізген ардагерлер қашан да құрметке лайық жандар.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен, «Отан қорғаушылар күні» мен «Жеңіс күні» қарсаңында өкілдікке қарасты мешіт имамдары соғыс ардагерлерінің отбасыларына арнайы зиярат жасап, ақсақалдарды мерекелерімен құттықтады.
ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы өзі бас болып, жастық көктемін зұлмат соғыс ішінде өткізіп, халқының тыныштығы үшін жандарын шүберекке түйген майдангер ақсақалдарға мерекелік сый жасады.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі