23 наурыз. АСТАНА. Ummet.kz Бүгін «Нұр Астана» орталық мешіті жұма намазына жиналған жамағат пен қала қонақтарына Наурыз мейрамына орай мерекелік шара өткізді. Мешіттің ауласында 2 киіз үй тігіліп, жиналған қауымға тегін наурыз көже таратылды.
Күн мен түнді теңестірген, жылы шырайлы көктемнің хабаршысы болған, тамыры ежелгі дәуірлерден бастау алған Наурыз мейрамы көп ұлтты елімізде ауызбірлік пен татулықтың, өзара сыйластықтың символы ретінде қалыптасты. Еліміздің түкпір-түкпірінде тойланып жатқан Наурыз мейрамын ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілдігі «Нұр Астана» орталық мешіті де дүбірлетіп өткізді. Мешіттің ауласында 70 кісілік және 30 кісілік 2 киіз үй тігіліп, қалың бұқараға арнайы дастархан жайылды. Жиналған қауымды мерекесімен құттықтауға ҚМДБ наиб мүфтиі Бауыржан Есмахан, Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Сақпайұлы Берік, Дін проблемаларын зерттеу орталығының басшысы Жүсіп Рахатұлы, Бейбітшілік және келісім сарайының басшысы Әділ Сейілханұлы, Дін істері комитетінің төраға орынбасары Балғабек Мырзаев, Астана қаласы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Данияр Есин келді. Әсем ән мен тәтті күйден шашу шашқан өнер адамдары мен бірқатар журналистер, әртістер мерекелік шараның сәнін келтірді. Атап айтар болсақ, Серікзат Дүйсенғазин, Қалқаман Сарин, Мәди Манатбек, Мұхтар Түртайұлы, Айдос Нұржанұлы, Нартай Сауданбек, Қуандық Қыстақбаевтар халықтың қуанышын бөлісті.
Ұлыстың ұлы күні Астана қаласының басқа мешіттерінде де мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. «Төлебай» мешітінде жиылған жамағатқа дәмі тіл үйірер наурыз көже таратылып, спорттық ойын түрлерінен жарыстар өтті. Мешіттің әйел жамағаты да әз Наурыз мейрамын тойлауға атсалысып, арнайы дастархан жайып, келген қонақтардың көңілін алды. Ғылмани мешітінің ауласында екі киіз үй тігіліп, жамағатқа палау мен наурыз көже таратылды.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі