Бүгін «Нұр Астана» орталық мешітінде дәстүрлі «Мейірімділік мекені» қайырымдылық акциясы өтті. Аталған шараға қаламыздан әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы 100 отбасы шақырылып, әрқайсысына азық-түлік салынған қораптар таратылды.
Жыл сайын өтетін акцияға орталық мешіттің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, келген әр отбасыға азық-түлік қораптарын үлестірді. Акцияның мақсаты – тұрмысы төмен отбасылар мен көп балалы отбасыларға көңіл бөлу және қамқорлық көрсету.
«Қала әкімі Әсет Өрентайұлының бастамасымен «Астана – мейірімді қала» қайырымдылық акциясы аясында қаламыздағы 1000 отбасыға қайырымдылық көрсету шарасы басталған болатын. Бұл акцияға қаламыздағы барлық мешіттер мен «Зекет қоры» корпоративтік қоры атсалысып жатыр. Акция барысында «Нұр Астана» орталық мешітіне тіркелген отбасылардың арнайы тізімі бойынша бүгін сіздерге азық-түлік үлестіретін боламыз. Адамдарға шамасы келгенше қолұшын беру – әрбір мұсылманның міндеті. Кез-келген адам қолында бар дүниесімен бөліссе, оның сауабы екі дүниеде де алдынан шығады. Бұл қайырымдылық көмек көп балалы отбасыларын да қамтиды. Өзіміздің де балаларымыз бар. Мысалы, бір баланы мектепке дайындау үшін біршама қаражат қажет. Арамызда көп балалы аналарымыз да отыр. Міне, бұл «Мейірімділік мекені» акциясының мақсаты – сіздерге кішкене болса да қайырымдылық танытып, жәрдем беру. Біз мұны атақ үшін емес, абырой үшін жасмаймыз. Біз бұл іске жауаптымыз. Алла Тағала адам баласына бес парызды жүктеген. Соның бірі – зекет беру. Құдайға сенген әр пенде Алланың разылығы үшін намаз оқиды, бай-дәулетті адамдар өзінің мал-дүниесінен жағдайы төмендерге зекет береді. Зекеттің үш түрлі мағынасы бар: тазалану, көбею, салиқалы болу. Яғни, берген жанның тұла бойы тазарып, салиқалы құрметке ие болады, алған қолдың тұрмысы түзеле түседі. Кімнің мал-дүниесі болса, мұқтаж адамға көмектесуі, оның парызы болып есептеледі. ҚМДБ-ның жұмыс жасау бағытының бірі – түрлі деңгейде қайырымдылық жасау. Кеше ғана елімізде рухани келісім күні аталып өтті. Рухани келісім әрбір отбасынан, татулықтан бастау алады. Дінімізге, иманымызға берік болайық. Бұл дүние өтеді, кетеді. Арзымаған дүние үшін иманымызды айырбастамайық. Әрқашан Алланың бергеніне шүкір етіп, жоққа сабыр етсек, ертең Алланың алдында жүзіміз жарқын болмақ. Алла Тағала ниет, тілегімізді қабыл еткей!» деген ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы қайырымдылық акциясына қатысушы әрбір отбасыға амандық тіледі.
«Нұр Астана» орталық мешітінің
баспасөз қызметі