Үйдің сәні мен әнін келтіретін – дастарқан. Қазан қайнап тұрса, ақыл сайрап тұрады дейді қазақ халқы. Расында, үстелі жайнап тұрған шаңырақтың берекесі қашпайды. Ал, дастарқанның шырайы мен дәмін кіргізу – қашан да әйелдің қолында. Әсіресе заман озған сайын ас мәзірінің қатары да қалысар емес. Осыған орай ҚМДБ Жастар ісі бөлімі Әйелдер-қыздар секторының «Нұр Астана» орталық мешітіндегі «Жібек» қыз-келіншектер клубы ас әзірлеуден шеберлік сағатын ұйымдастыруды жақсы әдетке айналдырған. Бұл жолы «Жібектің» қыз-келіншектері қатпарлы самса пісіруден және салат дайындаудан мастер-класс өткізді.
Шара барысында «Жібек» клубының мүшесі, аспазшы Гулий Анапьяева самсаның құпия рецептерімен бөлісті. «Самсаның қамырын қарапайым су мен ұнға илейміз, тұз қосамыз, аса қатты және тым жұмсақ болып кетпеу керек» дейді Гулий аспазшы. Оқтау тізгінін үлкендер жағы босатпады. Апаларымыз жас қыздарға «үйреніп алыңдар» деп нан жаюды көрсетті. Осы ретте кей бойжеткендер апалардан кеңес сұрап та үлгерді.
–Кейде нан жайғанда ортасы жұқарып, шеттері қалың болып қалады, - дейді бір қыз.
Бұл - уақыт өте келе тәжірибемен түзеледі. Алайда, біркелкі жаюдың да сыры бар екен. Яғни, шеті қалыңдап кетсе, осы тәсілмен жөндеуге болады:
Жайманың екі жиегін бүктеп, ұн сеуіп, оқтаумен сол бүктелген жерінен жаямыз. Дәл суреттегідей. Сол кезде жайманың жиектері жұқара түседі.
Келесі кезекте отқа қыздырылған маргаринді жаймаға толық жағып шығу керек. Кейін жайманы шетінен бастап ораймыз да, жарты сағатқа тоңазытқышқа салып қоямыз.
«Самсаның ішіне тартылған ет емес, етті қолмен ұсақтап турап салса дәмдірек піседі» дейді аспазшы. Етке көбірек пияз және аздап картоп қосуға болады. Әрине, тұз, бұрышпен дәмдейміз. Пиязды ортасынан бір, кейін жіңішкелеп жарты дөңгелектеп тураймыз.
Ең қызығы, бұл шеберлік сабағында қыздар үйреншікті үшбұрышты самсадан бөлек, оны түюдің басқа да тәсілдерімен танысты. Білгенімізді үйретіп, қысқаша видео-сабақтарды назарларыңызға ұсынайық.
Үшбұрышты самса
Раушан гүлі
Өрілген самса
Себет түріндегі самса
Төртбұрышты самса
Дайын самсаға жұмыртқаны жағып, тмин себеміз
180-200 градуста 40-45 минут пеште пісіреміз!
Бұдан бөлек, мастер-класста «Морковча» және «Ассорти» салатының дайындалуы көрсетілді.
«Нұр Астана» орталық мешітінің ұстазы, «Жібек» қыз-келіншектер клубының жетекшісі Динара Нұрғалиева білікті аспаздың сабағы қыз балалардың ұлттық әрі өзге де халықтар тағамын дайындаудағы шеберлігі мен тәжірибесін арттыра түсетінін жеткізді. Ұстаздың айтуынша, тамақтың тәтті пісуі үшін ас әзірлеуге ұқыпты дайындық қажет. Яғни дәрет алып, шашты жинап, басқа орамал тартып, «Бисмиллә» айтып іске кіріссе, Алла тағала сол асқа берекесін береді.
Шара соңында қыз-келіншектер дайындаған тағамдардан дастарқан жайып, көпті көрген үлкендердің ғибратты әңгімелерінен сусындады. Уағыз-насихат отбасы, әйелдің міндеті секілді маңызды тақырыптар аясында өрбіді.
Мәдина ЖАҚЫП