«Астана медресе колледжінде» оқуға биыл 95 талапкер үміт білдірді. Бүгін олар кезекті емтиханды тапсырып, Ислам негіздері төңірегінде әңгімелесу кезеңінен өтті.
Талапкерлер жан-жақтан: Астана қаласынан, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, тағы басқа облыстардан келіп отыр. Қабылдау комиссиясының айтуынша, оқуға құжат тапсырушылардың көбі мектепті үздік, колледжді қызыл дипломмен бітіргендер. Арасында Құранды толық жаттаған жастар да бар екен. Олардың жас шамасы – 17-ден 25-ке дейін.
«Астана медресе колледжінің» 2017 оқу жылы талапкерлерді қабылдау комиссиясының құрамындағы ҚМДБ Діни істер бөлімінің меңгерушісі Камалжан Тұрдыбаев, «Астана медресе колледжінің» директоры Бекзат Ақжігітов және «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Әділхан Серікбай үміткерлердің білімін сынайды. Арасынан жоғары ұпай жинаған 35-40 талапкер іріктеліп оқуға қабылданады.
Талапкерлер қазақ тілі, Қазақстан тарихы пәндерінен емтихан тапсырып, бүгін шешуші кезеңде бақ сынады. Емтихан нәтижелері ертең шығады деп күтілуде.
Атап өтейік, Исламтану факультетіндегі 2 жыл 10 айға созылатын оқу бағдарламасы аясында шәкірттерге техникалық және кәсіптік білім туралы диплом табысталып, «Имам-хатиб» біліктілігі беріледі.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі