27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Елордалықтар Ораза айтты құлшылықпен қарсы алды

Мешіт тынысы
Жарнама

Бүгін таңғы жетіде Астана мешіттерінде Ораза айт намазы оқылды. Исламдағы атаулы күнді «Нұр Астана» орталық мешітінде қарсы алуға елордалықтар таң сәріден жинала бастады.

Мерекелік намазды оқуға жасы да, жасамысы да, ділі бөлек, діні бір  өзге ұлт өкілдері де асықты. Момын мұсылмандар сүннетке амал етіп, хош иіс себініп, әсем киініп, мешітке куанышты көңіл-күймен келді. Келе сала жамағаттың көбі Рамазан айының пітір садақасын беріп жатты.  Өйткені, Ораза айт күні таң атысымен пітір садақа беру уәжіп саналады. Ал, айт намазы басталмай тұрып беру – мұстахаб. Көзі қарақтыға белгілі, Пайғамбарымыз (с.ғ.у) пітір садақаны айт намазына дейін беретін болған. «Осындай күнде (айт мейрамы күні) кедейлерді қайыр садақа тілеуге мұқтаж етпеңдер» деген екен Алла елшісі (с.ғ.у). Яғни, дініміз  дүйім жұрт тойлайтын айтулы күнде кедейлердің де ел қатарлы жадырауын көздейді.

Көкжиектен күн шыққанан-ақ мешітке ағылған қалың көпшіліктің саны Қадір түніндегіден кем болмады. Мешітте ине шаншар орын қалмай, мешіт ауласына қосымша жайнамаздар төселді. Бұл дініміз дәріптеген ерекше күндер – бұқаралық сипатқа ие болғанының айқын көрінісі.  

IMG 3794

IMG 3756

IMG 3777

IMG 3728

IMG 3685

IMG 3585

IMG 3606

Рамазан айындағы құлшылықтың жемісі іспетті касиетті мейрамды ғибадатпен бастаған халық ең әуелі Құран аяттарын тыңдап, «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының Ораза айт жөніндегі уағызына қанықты. «Нұр Астана» орталық мешітіне арнайы ат басын тіреген ҚМДБ Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы барша мұсылмандарды Ораза айт мейрамымен құттықтап, еліміздің тыныштығын, тәуелсіздігіміздің мәңгілігін тіледі.

 

Одан кейін жамағат имамға ұйып Ораза айт намазын оқыды. Жаратушы иеміз Алла тағаланы тәкбірмен ұлықтап, Айт намазының құтпасына қатысты.

Мерекелік намаздан соң бауырлар бір-біріне құшақ жайып, «Алла қабыл етсін!» деп дұға-тілек жасады. Мешіт ақсақалы ортаға шығып ақ батасын берді.

 

«Нұр Астана» орталық мешітіндегі Ораза айт мейрамы ары қарай «Мейірімділік мекені» қайырымдылық жәрмеңкесі мен спорттық шараларға ұласты.

«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі

 

Бөлісу: