Бүгін әлем мұсылмандары қасиетті Рамазан айының алғашқы күнін өткізіп, ауыз ашуда. «Нұр Астана» мешітінде жылдағы үрдіспен бір Алланың ризалығы үшін ораза ұстаған жамағатқа ауызашар дастарханы жайылды.
«Кімде-кім ораза ұстаған жанды ауызашарға шақырып тамақ беріп аузын аштырса – ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді» деген пайғамбар өсиетін өнеге тұтқан «Нұр Астаналық» дін қызметкерлері жылдағы дәстүрмен жамағатқа айы бойына ауызашар үзілмей берілетінін хабарлады. Осы орайда ізгілік айында сауапты іске атсалысып отырған кәсіпкер жандарға алғыс білдіретіндіктерін де жеткізді.
Айта кетсек, Рамазан айында қала мешіттерінде күн сайын халыққа, қала қонақтарына және жамағатқа арнап тегін ауызашарлар ұйымдастырылады. Мәселен, «Нұр Астана» орталық мешіті 450 адамға, сондай-ақ, «Әзірет Сұлтан» мешітінде 500 адамға, «С.Ғылмани» мешітінде 250 адамға, «Әлжан ана» мешіті 100 адамға, «Төлебай» мешітінде 50 адамға, «Шейх Кунта қажы» мешітінде 50 адамға, «Әс-Сәлам» мешітінде 70 адамға, «Әл-Ғани» мешітінде 200 адамға арнап ауызашар дастархандары жайылады.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі