Бүгін Астана қаласындағы мектеп бітірушілерге арналған «Жолың болсын, жас түлек!» атты дәстүрлі рухани кездесу өтті. «Нұр Астана» орталық мешітінде өткен шараға елордалық жас түлектер қатысты.
Астаналық мектеп бітіруші жастарға ақ жол тілеп, бата беру мақсатында өткізілетін рухани кездесу бүгінде бас қаланың орталық мешітінде игі дәстүрге айналған. Қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған кеште ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы, «Нұр Астана» орталық мешіті жанындағы ақсақалдар кеңесінің мүшесі Ауданбай қажы Ахметжанов ақсақал қатысып, түлектерге ақыл-кеңестерін айтып, ізгі тілектерін білдірді.
Наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өз сөзінде білімнің артықшылықтарына тоқталып, ел ертеңі мен болашағының жарқын болуы білімді жастардың қолында екенін айтты. «Он бір жыл жиған білімдеріңізді сын тезіне салатын сәт те жетті. Шариғат көзімен қарар болсақ та, мұсылман баласының білім-ғылым игеруі парыз болып саналады. Қасиетті Құран кәрімде «Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ала ма?» делінсе, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Білім алу – әрбір мұсылманға парыз» деп, үмметіне ілім игеруді насихат еткен. Сол себепті де өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаған ұлағатты ұстаздарыңыздың еңбегін еш етпей, мерейін өсіріңіздер. Білім жолындағы сапарларыңыз сәтті болғай» деп, Наурызбай Тағанұлы Жаратқаннан жақсылық тілеп, ізгі лебізін білдірді.
Ауданбай қажы Ахметжанов түлектердің үлкен өмірге қанат қағуымен құттықтап, биік белестерден көріне беруге тілектестік танытып, батасын берді.
Түлектер өз кезегінде имамдар мен дін қызметкерлеріне алғысын білдіріп, хакім Абай атамыз айтқандай, дүниенің кем-кетігін толтырып, өз орнын табуға ниетті, білімге құштар екендігін жеткізді. Айтулы кеште қасиетті Құран аяттары оқылып, наиб мүфти Наурызбай қажы дұға етіп, жас өрендерге ақ батасын берді. Сондай-ақ, мешітке қадам басып келген жастарға «Жас түлекке насихат» парақшасы таратылды.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі