Бүгін «Нұр Астана» орталық мешіті мен Республикалық қан орталығының бірлесуімен «Бауырыңа өмір сыйла» атты донорлық акциясы өтті.
Бүгінде республика көлемінде донор тапшылығынан тиісті ем-шарасын алып, денсаулығын түзей алмай отырған адамдар аз емес. Осындай сәтте қысылғанға демеу бола білетін мешіт жамағаты мен қала тұрғындары қасиетті жұма күнгі жақсылықты донорлық акциясымен бастады.
Қан орталығының арнайы медициналық көлігінде қан тапсыру кезегіне тұрған астаналықтармен бірге мешіт ұжымы да сауапты іске жұмыла атсалысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ізгі шаралар адамдар арасындағы мейірімділікті арттырып, мұсылманшылықты нығайтуға зор септігін тигізеді. Әрі осы арқылы салауатты қоғам қалыптастырып, халықтың ауызбіршілігін арттыруға жол ашады.
Жақсылыққа жол салған шара нәтижесінде ізгілікке үн қосушылардың ішінде 40 адамның қаны жарамды болып, 18 литр қан жиылды.
Айта кетейік, айтулы акция алдағы күндері басқа да мешіттерде жалғасын таппақ.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі