Елорда іргесіндегі «Төлебай» мешітінде әз-Наурыз ұлттық мейрамы бұқаралық сипатта аталып өтті.
Мерекелік шараны ұйымдастырған «Төлебай» мешітінің бас имамы А. Сәлімов жиылған көпшілікті Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жүрекжарды тілектерін арнады. Мерекелік құттықтаудан кейін жиылған жамағатқа наурыз көжелермен бауырсақтар таратылды және жастар арасында қазақтың ұлттық ойындары қол күрес, арқан тарту, кір тасын көтеру және асық ойындарынан жарыс өтті.
«Тағам» мейрамханасы қызметкерлері мен мешіт ұжымы ақсақалдар мен апайларға ұлттық тағамдар ұсынып, наурыз көже және қымыз-қымыран құйылған мерекелік дастархан жайды. Сонымен қатар, әз-Наурыз мейрамын өткізуге демеушілік көрсеткен «Ерсайын Манаев» қайырымдылық қоры атынан мереке көрігін қыздырған спорттық жарыстарда жеңімпаз атанған азаматтарға бағалы сыйлықтар мен қаржылай сыйақылар тағайындалды.
Бас имам А. Сәлімов жүлделі орындарға ие болған жеңімпаздарды құттықтап, сыйлықтарын мешіт ақсақалдары табыс етті. Әз-Наурыз мерекесінің ұлттық ойындарына қатысқан жастар игілікті іске ұйытқы болған «Төлебай» мешіті ұжымына және «Ерсайын Манаев» қайырымдылық қорына алғыс-тілектерін білдірді.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі