Бүгін «Нұр Астана» орталық мешітінде сауат ашу курсына қатысушы әйел жамағаты арасында білім сайысы өтті.
Үш топқа бөлінген 12 қатысушының жас ерекшеліктері де әркелкі. Әділ қазылар қатарында ҚМДБ-ның Жастар ісі бөлісі Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Ақбөпе Қанатқызы, «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Эльмира Бұхарбаева, Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ұстазы Әлия Аусағатова болды. Жарыс алғысөзінде "Нұр Астана" орталық мешітінің наиб имамы Нұрлан Рамазан діни білімнің маңыздылығын түсіндірді. Сайыстың қатысушыларға қояр талабы жоғары боларын айтып, сәттілік тіледі.
Айта кетсек, діни білім сайысы ҚМДБ Жалпы және жастар ісі бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханның «Исламдағы жүз сұрақ» кітабы бойынша жүргізілді. «Ақылды ұяшық», «Бейнесұрақ» және «Көрермен сұрақтары» тарауларымен өткен білім бәсекесіне белсене қатысқан «Фирдаус», «Алаш» және «Өркениет» топтары өз білім деңгейлерін таныта білді.
Қазылардың ортақ ұйғарымымен осы топтардың ішінен «Фирдаус» тобы 3 орынға, «Алаш» тобы 2 орынға, «Өркениет» тобы 1 орынға лайық деп бағаланды. Жеңімпаздарға арнаулы сертифкаттар мен сый-сияпаттар табысталды.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі