26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Танымы терең теолог жамағатпен жүздесті

Мешіт тынысы
Жарнама

Бүгін ҚМДБ жанынан құрылған РАНТ-ның білікті дін ғалымдары Астанаға іссапармен келді.

Әлемдік сипат алған дін атын жамылған ағымдар бүгінде бұқараның ойын сан-саққа жүгіртіп қойды. Ағымдардың дінге де, заңға да қайшы әрекеттеріне елімізде де тосқауыл қоюдың жан-жақты қарекеттері жасалуда.

Республикалық және жергілікті ақпараттық насихат топтарының алға қойған мақсаты да осы дүдамал ағымдардан халықты сақтандыру, насихат жұмыстарын қоғамның әр қатпарында жүйелі түрде жүргізу. Ал бұл бағыттағы жұмыстар ең алдымен халықтың діни сауатын, білімін арттыру арқылы келетіні сөзсіз. Имани иммунитеті мықты ел ғана мұндай келеңсіздіктерді оңай еңсермек. «Нұр Астана» мешітінде Астана жұртшылығымен жүздескен РАНТ-ның білікті теологы, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, исламтанушы Арман Қуанышбаев дін Ислам жайында салмақты сөз қозғап, салиқалы әңгіме өрбітті.

"Пайғамбар намазының сипаты" тақырыбында уағыз айтқан ғалым жамағатты намаздың ішкі ұсақ мәселелерінде сөз жарыстырмай, білім алуға үндеді. Құлшылық қағидаларын жігі-жігімен түсіндіре келе: "Біз намазды қалай оқудан, дұрыс-бұрыс деп дауласудан емес, намаздағы қалыбымыз бен ішкі жан-дүниеміздің кіршіксіздігімен, намазға деген ықыласымызбен жарысқанымыз әлдеқайда абзал болмақ. Бүгінгі күні талайғы ғасырлардың сүзгісінен өтіп қалыптасқан Исламдағы мәзһабтар, базбіреулер айтып жүргендей, дінге енгізілген жаңалық емес. Бұл пайғамбарымыз қалай намаз оқып, құлшылық етті - осы амалдарды түсіндіруші ғалымдардың қалыптастырған, негізін қалаған жолы, мектебі" деді Арман Қуанышбаев. 

Бүгінде құбылаға жүз бұрып, Алла мойынсұнып, мінәжат еткен халықтың қарасы көбейгенін, сол бұқараның Хақ исламға деген құштарлығы мен ықыласының ай санап артып келе жатқанын "Нұр Астана" мешітіне жиылған жамағаттан да байқадық. Ал бұқараны баураған әсерлі уағыздар легі бұл күнмен шектелмек емес. Алдағы күндері  "Әл-Ғани", "Кунта қажы", "Ғылмани", "Әлжан Ана" және "Әзірет Сұлтан" мешіттерінде Арман Қуанышбаев пен Нұрмұхамед Иминовтың кестелі уағыздары жалғасын таппақ.

Танымы терең теологтары мен шариғат саласының мамандарынан құралған топтар бүгінде түрлі әлеуметтік орындарда дәстүрлі ислам діні турасында ауқымды семинар-тренингтер, имамдардың біліктілігін арттыру курстарын жүйелі түрде өткізуде.

Мақсат – еліміздің бірлігі мен тыныштығын сақтап, дәстүрлі исламнан, бабалар салған сара жолдан жаңылмай өркениет көшінде мұсылман атымызды, қазақы қалпымызды жоғалтпай өмір сүру. 

ummet.kz-ақпарат

Бөлісу: