Құрбан айт бас қаламызда ауқымды көлемде аталып өтті. Қасиетті мереке күні қала іргесіндегі «Теміржолшылар» елді-мекенінде орналасқан «Әс-Сәлам» мешітінің бас имамы Нұрбол Абсаттарұлы №1 қалалық ауруханада (неврология, пульмонология, кардиология, травмотология т.б бөлімшелерінде) жатқан науқастарды айт мерекелерімен құттықтап, хал-жағдайларын біліп қайтты.
Асыл шариғатымыздың тұнық қайнарларының бірі құдси хадисте Алла Тағала: "Қиямет күні бір кісіні шақырып алып сұрайды: -Пәленше, мен ауырып қалған кезде неге мені зиярат етіп жағдайымды сұрамадың? Сонда әлгі пенде: - Ей Раббым! Сен әлемдердің Раббысысың ғой, мен сені қалай зиярат етемін? Алла: - Пәленше деген кісі ауырып қалды. Егер сен соны зиярат еткеніңде мені сол жерден табатын едің (яғни, менің мейіріміме бөленер едің).
Мешіт қызметкерлері осы аталмыш хадиске шама-шарқыларынша амал қылуға тырысты. Бас имам Нұрбол Абсаттарұлы құлазыған көңілдеріне демеу болу үшін айттық сыйлық таратып, Алладан дерттеріне шипа тіледі.
Төсекке таңылып, көңілдері жүдеген емделушілер өз кезегінде ақ халатты абзал жандармен қатар, рухани серпіліс сыйлап, ұлық мерекеде көңіл бөліп келген дін қызметкерлеріне риясыз алғыстарын айтты.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі