Биылғы Құрбан айт мерекесі республика көлемінде, елдімекендер мен шартарапта кеңінен аталып өтті. Астана қаласының іргесіндегі «Теміржолшылар» елді-мекенінде орналасқан «Әс-Сәлам» мешіті қасиетті мейрамда бірқатар қайырымдылық шараларына ұйытқы болды.
Жергілікті тұрғындар айт мерекесін айрықша қуанышпен қарсы алып, «Әс-Сәлам» мешітінде айт намазын оқыды. Мұнан кейін көпшілік құрбан шалу рәсіміне жұмыла кірісті. Бас имам Нұрбол Абсаттарұлы бастаған мешіт қызметкерлері мен шәкірттері осы игі һәм сауапты іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне белсене атсалысты.
«Әс-Сәлам» мешіті республика деңгейінде қолға алынған «Раббың үшін құрбан шал!» акциясы-2016 аясында 145 отбасыға (мұқтаж, мүгедек, әлеуметтік аз қамтылған және түзеу мекемесіндегілерге) 7 кг-нан жалпы 1 тонна 15 кг ет таратылды. Құрбан шалған кісілерге арнап мешітте дастархан жайылды. Айттап келген бүлдіршіндер де айттық сыйлықтан кенде қалмады.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі