Бүгін Астананың айшықты құлшылық үйі «Нұр Астана» орталық мешітінде айт намазы оқылды. Таң сәріден халқымыздың ұлық мейрамында мінәжат үшін мешітке жиылған жұртшылықта есеп жоқ.
Мұсылман қауымы қасиетті мереке қарсаңында Құрбан айттың қадір-қасиеті, Зүлхиджа айының мәртебесі, құрбандық және қажылық жөнінде тұщымды уағыз-насихат тыңдап, дін ислам құндылықтарына қанықты.
Астаналық жұртшылықпен оқылған айт намазынан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, Астана қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы атаулы күннің ел тарихындағы маңыздылығын атап өтті.
«Құдайға мың да бір шүкір. Бейбітшілік салтанат құрған заманда қасиетті һәм қадірлі мерекелерді бүгінде ел болып күтеміз. Алла Тағала бізді осы берекелі күнімізден, ынтымақты тіршілігімізден айырмасын. Ел жүгін арқалаған барша азаматтарға, Елбасымызға Жаратқан иеміз жар болсын. Құрбан айт құтты һәм берекелі болғай» деп наиб мүфти ақжарма тілегін білдірді.
Астаналық ағайындар да бір-біріне ізгі ниет, ақ тілектерін айтып, дұға жасады. Осыдан соң жылдағы үрдіспен мешіт ауласында қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Айт мерекесінің игілікті шаралары мұнан әрі спорттық ойын шараларына жалғасын таппақ. Бұқаралық деңгейде қолға алынған мүбәрак мейрам бүгінде халықтың қолдауына, елдің ыстық ықыласына ие. Жұртшылық мерекелік дастарқаннан дәм татып, көтеріңкі көңіл-күйде айт мейрамын бұқара болып тойлау үстінде. Ал ізгілік мерекесінде құрбандық шалуға ниетті жандарға мешіт тарапынан мал сою нысандарына жеткізу үшін арнайы көліктер де қамтылды.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі