Бүгін Астана халықаралық әуежайынан ұлық ғибадат – қажылыққа 300-ден аса Қазақстан азаматы сапарға шықты. Отандастарымызды шығарып салу шарасына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы мен Аппарат басшысы Ғилымбек Мәжиев қатысып, ақ ниет, дұға-тілектерін айтты.
«Бүгінде діни басқарма тарапынан қасиетті қажылық сапарына үлкен маңыз беріліп, қызмет сапасын арттыруға ден қойылды. Бас мүфтиіміз осы мақсатта арнаулы Қажылық миссиясын құрып, оның құрамына сіздердің қызметтеріңізге білікті де білімді дін мамандарын, дәрігерлер мен журналистер қосынын қосты. Асыл дінімізді дәріптеп, имандылықты насихаттауға осындай кеңшілік берген әуелі Алла Тағалаға мақтау-мадақтар болсын. Мемлекетіміз де дәстүрлі дінімізге үлкен қамқорлық танытып келеді. Жыл сайын қажылыққа баруға ниетті жандар қатары артуда. Бүгінде ел тарихында тұңғыш рет Сауд Арабиясына елімізден тікелей әуе рейстері іске қосылып отыр. Сіздерге қасиетті қажылық сапарына аман барып, Отанымызға есен оралуларыңызға тілектестік білдіреміз. Алла Тағала қажылықтарыңызды қабыл қылғай» деді наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетсек, Қазақстан мен Сауд Арабиясы корольдігі арасындағы ортақ келісімге сәйкес, халықаралық «FlyNas» әуе компаниясы ел қажыларына қызмет көрсетеді. Қазақстан қажылары ендігі уақытта осы компания арқылы тікелей Мәдина, Джидда қалаларына ұша алады.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі