27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Түлектерге ақтарылды ақ бата, тілектер де... (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Бүгін «Нұр Астана» орталық мешітінде Астана қаласындағы мектеп бітірушілерге арналған «Жолың болсын, жас түлек!» атты дәстүрлі рухани кездесу өтті. Кездесуге елорда мектептерінің биылғы түлектері қатысты.

Айта кету керек, жыл сайын астаналық мектеп бітіруші жастарға ақ жол тілеп, бата беру, мазмұны терең кеш өткізу қалыптасқан үрдіске айналған. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен өткізіліп отырған рухани кеште ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы, Республикалық ардагерлер кеңесінің және «Нұр Астана» мешіті жанынан құрылған ақсақалдар кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев жас түлектерге ақыл-кеңестерін айтып, ізгі тілектерін білдірді.

Наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өз сөзінде білімнің артықшылықтарына тоқталып, ел ертеңі мен болашағының жарқын болуы білімді жастардың қолында екенін айтты. «Он бір жыл жиған білімдеріңізді сын тезіне салатын сәт те жетті. Шариғат көзімен қарар болсақ та, мұсылман баласының білім-ғылым игеруі парыз болып саналады. Қасиетті Құран кәрімде «Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ала ма?» делінсе, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Білім алу – әрбір мұсылманға парыз» деп, үмметіне ілім игеруді насихат еткен. Сол себепті де өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаған ұлағатты ұстаздарыңыздың еңбегін еш етпей, мерейін өсіріңіздер. Білім жолындағы сапарларыңыз сәтті болғай» деп, Наурызбай Тағанұлы Жаратқаннан жақсылық тілеп, ізгі лебізін білдірді.

Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев түлектердің үлкен өмірге қанат қағуымен құттықтап, биік белестерден көріне беруге тілектестік танытты. «Білім жолы – мехнаты мен ләззаты қатар жол. Сіздердің болашақтарыңыз біліммен жарық болса, мемлекетіміздің келешегі білімді ұрпақтың қолында. Сіздерді аялап өсіріп, тәрбие мен білім берген ата-ана, ұстаздарыңыздың үмітін ақтаңыздар» деді Ө.Озғанбаев.

Ыстық ықыласқа толы ақ тілектерден кейін 48 мектеп-гимназияның түлегі Дидархан Мұстафа  асыл діннің аманатын арқалаған имамдар мен дін қызметкерлеріне алғысын білдіріп, хакім Абай атамыз айтқандай, дүниенің кем-кетігін толтырып, өз орнын табуға ниетті, білімге құштар екендігін жеткізді.

Айтулы кеште қасиетті Құран аяттары оқылып, наиб мүфти Наурызбай қажы дұға етіп, жас өрендерге ақ батасын берді. Сондай-ақ, мешітке қадам басып келген жастарға «Жас түлекке насихат» парақшасы таратылды.

 

«Нұр Астана» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: