27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Наиб мүфти: Сабырдың салмағы – ауыр, сауабы – зор (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Дана халқымыз сабырдың сыйын алтынға балап, ақылмен дос болып, ашу-ыза, өкпе-реніштен алыс тұруды ұрпағына өсиет етті. Қоғамда орын алатын құбылыстар мен іс-әрекеттердің барлығы иісі мұсылман заты үшін бес күн жалғанда көретін болмашы сынақ қана.

Осындай  бұралаңы көп қым-қуыт тіршілікте мұсылманның сипаты қандай болмағын ардақты пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.): «Оған бір қуаныш келсе, шүкір етеді, бұл қуаныш жақсылық болып жазылады. Ал, егер басына бір қиыншылық келсе, сабыр етеді, ол да жақсылық болып жазылады» деп айқын суреттейді. «Нұр Астана» мешітінде өткен кезекті жұма уағызында ҚМДБ наиб мүфтиі, Астана қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы «Сабырлылық – асыл қасиет» тақырыбында жүргізді.

Бас имам өз уағызында Алла Тағаланың шексіз нығметін санап тауысу мүмкін болмасын, осы нығметтің ең үлкені сабырлылық екенін айтты. «Мұсылман баласының қуаныш пен қайғыда, байлық пен кедейлікте, тіптен ілім алу жолында да сабырлылық танытуы абзал амал. Қайғырғанда жасып, қуанғанда тасып кетпеудің де кілті – сабырлылықта. Сол себепті де, асыл шариғатымызда «Сабыр – діннің жартысы» деп өлшенген. Иман екі бөліктен тұрса, оның бірі – сабырлылық, екіншісі – шүкірлік» деген Н.Тағанұлы бұл қасиеттердің тәубамен тірлік кешкен қазақ халқының қанына ежелден сіңгенін тарихтан мысал етті.

Имам қасиетті Құран аяттары мен пайғамбар хадистерінде кеңінен баяндалған ислам, мұсылман ұғымдарының бейбітшілік пен татулық, тыныштық пен тұрақтылық түсініктерін қамтитынын айтып, ағайын-жұртты ауызбіршілікке, түсіністікке шақырды. Қоғамға кері әсер тигізетін әрекеттерден, бейбіт халықтың берекесін алатын істерден өзі мен өзгелерді сақтандыру да мұсылманның бір міндеті. Себебі, бүлік пен бірлік қатар болмайтыны секілді, имандылық ашу-ыза, өпке-реніш, араздық ұғымдарымен үйлеспейді. Имамның уағызы Абай айтқан ақыл иелерінің әрбір істі байыбына жетіп, саналы ұйғарым жасауға үндеді. Наиб мүфти түйінсөзді Бұқар бабамыздың «бір Аллаға жазбасқа, ер, шұғыл, пасық, залымның сөзіне еріп азбасқа» деген ғибратты тілегімен аяқтады.

«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі 

Бөлісу: