26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

«АСТАНА АСАРЫ»: Көп біріксе – береке (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

«Көп біріксе – ел болар, Көп тілегі – көл болар». Қазақ халқы қашанда ағайынның амандығын, көршісінің тілегін тілеп, малы мен өрісін бөлісіп келген. Солтүстік Қазақстан облысына қарасты ауылдарды су тасқыны шайып, ағайын әбігерге түскенде Астана халқы игі бір көшті бастады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен, «Астана асары» атты акция ұйымдастырылып, гуманитарлық жүк тиелген көлік Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданына аттанған еді.

«Астана асарын» бастап барған дін қызметкерлері аталмыш ауданның Келлер ауылында ат басын тіреді. Топ жетекшісі Әділхан Серікбай ауыл халқының елордалық қайырымдылық керуенін үлкен ықыласпен қарсы алғанын айтты. «Бұл ауылда мыңға жуық үй бар екен. 58 үй осы су тасқынының астында қалған. Су апатынан зардап шеккен отбасыларға, аймақтағы ағайындарға астаналықтардың аманатын жеткіздік. Халық Астанадан арнайы жеткен қайырымдылық көмегіне шын ықыласпен ризашылық білдірді» деді Ә.Серікбай.

Топ басшысының айтуынша, осы уақытқа дейін ауылға облыстың ішкі істер департаменті, әкімдік тарапынан, сонымен қатар, Қызыл Жарты ай қоғамдық қорынан, Қазақстан халқы ассамблеясынан көмек көрсетілген. Облыс, аудан мешіттері де қайырымдылықтан қалыс қалмай, арнайы көлікпен азық-түлік, тұрмыстық заттар жеткізді.

Келлер ауылы қазақ, орыс, өзбек, поляк сынды сан ұлттарды бірлікке ұйыстырған шаңырақ десе де болғандай. Айтып келмейтін апаттан қиындыққа тап болған халыққа Қазақстандағы Польша елшігі де қол созып, бар көмегін ұсыныпты.

Ал ең үлкен ауқымды гуманитарлық көмек Астанадан жетіп отыр. Тайынша ауылына «Астана асары» акциясы аясында жалпы 3 млн теңге қаражат жиылды. Бұл қаражатқа 10 тонна азық-түлік пен 4 тонна киім-кешек, тұрмыстық заттары алынып, қалған қаражат аса мұқтаж отбасыларға қаржылай таратылды.

Игілікті  іске Астана мешіттері мен ҚМДБ-ның «Зекет» қорының елордадағы өкілдігі атсалысты.


«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: