27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Астана жамағатының спартакиадасы өтті (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Бүгін «Алау» спорт кешенінде «Нұр Астана» мешітінің ұйымдастыруымен «Салауатты жамағат» ІІІ қалалық спорттық ойындар сайысы өтті. Спорт додасына қаладағы сегіз мешіт, «Нұр Астана» орталық мешітінің сауат ашу бөлімі (Абай көшесіндегі Ислам орталығы) және «Отырар» қайырымдылық мекемесінің құрама командалары қатысты.

Салауатты өмір салтын ұстану – саналы қоғамның таңдауы. Мемлекет тарапынан үлкен маңызға ие бастама игі істердің ұйытқысына айналған Астана мешіттерінде де жалғасын тауып келеді.

Денсаулықты шынықтырып, күш-қуатты арттыратын спорт саласынан мұсылман жұртшылығы, әсте, алыс емес. Себебі, адамзат игілігіне арналған жаттығу жарыстары өзіндік талап-ережелерге сәйкес, шариғатта құпталатын амал. Әз пайғамбар өсиетінде «Қуатты мүміннің әлсізге қарағанда Аллаға жақын әрі сүйікті екені» ашық айтылған. Демек, бүгінгі білек сыбанып, күш сынасатын сайыстың астаналық мұсылман жамағаты үшін мән-маңызы айрықша болмақ.

Дүйім жұрттың делебесін қоздырған аламан жарысқа Астана қаласы әкімдігімен бірге «Ақжан» мәдени мұраларды қолдау қоры қолдау білдірді. ҚМДБ наиб мүфтиі, Астана қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы дәстүрлі спартакиаданың ашылу салтанатында сайыстың маңыздылығын атап өтті. «Құрметті бауырлар. Қасиетті Құранда Алланың жібінен, яғни дінінен бекем ұстап, бірлікті сақтап, бөлінуден аулақ болу жайында баяндалады. Мұсылман қауымы осы қоғамның, халықтың бір үлкен бөлігі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әруақытта өз сөзінде бұқараны салауатты өмір салтын қалыптастыруға, спортқа назар аударуға шақырып келеді. Бас мүфтиіміз де осы спорттық жарыстарға, жастардың, мұсылман жамағатының бірлігін арттыратын шараларға ерекше көңіл бөлуімізді тапсырды. Біз Елбасымыздың, бас мүфтиіміздің салмақты да салиқалы бастамаларын басшылыққа алып, осы шараларды қолға алдық. Біздің ең үлкен бәйгеміз, басты жеңісіміз де – тек бірлік. Алла тағала бізді бірлігімізден ажыратпасын, бір болуымызды нәсіп етсін» деді наиб мүфти.

Астана қаласы Дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрдәулет Әлмұханов мешіт жамағатының бірлігін нығайтып, дәстүрлі дін исламды бір арнаға салып, ел руханиятын осындай игі шаралармен көтеріп отырған «Нұр Астана» орталық мешітіне, бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлына алғыс айтып, сайыс қатысушыларына сәттілік тіледі.

Ал ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров спорт сайысының асыл дініміздегі орны жайында пайғамбар хадистерімен түсіндіріп берді. «Бүгін керемет жиынның куәсі болып отырмыз. Құранда Алла Тағала «Ізгі істе, жақсылықта жарысыңдар» дейді. Яғни, адамзат игілігіне жарайтын жақсы істерде бас қосып, сол жолда жарысу Жаратқанның алдында жағымды амалдар. Сахабалар пайғамбарымыздан не нәрседе қуатты болуды сұраған кезде, «барлық нәрседен» деп жауап береді. Бұл дегеніміз - жан қуаты, тән қуаты, сана қуаты, рухани байлық, т.б. Әз пайғамбарымыздың өмірбаянын қарасақ, күрескенін байқаймыз. Пайғамбар сүннетіне сай ізгі шаралар ұйымдастыру әрі салауатты өмір ұстанымын жаңғырту құптарлық іс. Ойыншыларға Алладан медет сұрап, баршаларыңызға сәттілік тілейміз» деді Ершат Ағыбайұлы.

Командалар аламан жарыста «Сәлемдесу», «Үй тапсырмасы», «Аламан», «Қаппен секіру», «Көңілді хоккей», «Көкпар», «Арқан тарту», «Капитандар сайысы» бойынша күш сынасты. Тартысты өткен спорт додасы үш сағатқа созылды.

Қазылар алқасы сегіз тур бойынша балдық жүйемен топтың белсенділігін бағалап, шын жүйрікті анықтауға ден қойды. Әділ қазылардың ортақ ұйғарымымен «Үммет» командасы – 1 орын («Нұр Астана» орталық мешіті), «Сарыарқа» командасы – 2 орын («Ғылмани» мешіті), «Отырар» командасы 3 орынға ие болды. Жарыстан қалыс қалмаған өзге топтар да арнайы сертификат, алғыс хаттарымен, бағалы сый-сияпаттармен марапатталды.

 

«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: