27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Ұлыс мерекесі ұлықталды (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Биылғы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қала мешіттерінде бұқараның басын қосқан игі шаралармен есте қалды. Елорда руханиятының ошағына айналған мешіттер ұлық мейрамда қазақ үй көтеріп, ақ дастархан жайды.

Қасиетті жұмаға сәйкес келген мереке қайырымдылық жәрмеңкелерімен бастау алды. Астана қаласының бас имамы, ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған дін қызметкерлері мешіт ауласында ұйымдастырылған игі шараларға қатысып, бұқараның қуанышымен бөлісті. Ал астаналық ағайын ұлыс күні жүздесіп, өткен жылғы өкпе-реніштерін ұмытып, арқа-жарқа көктем мерекесін тойлады.


 

«Нұр Астана» орталық мешітіне жиылған халық наурыз көжеден дәм татып, қайырымдылық жәрмеңкелеріне атсалысты. Білекті жігіттер арқан тартысып, кір тасын көтеріп, күш сынасты. Өнерлі қауым ән-жырмен мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ұлттық спорттық ойын-сайыстарына белсене қатысқан жеңімпаздар мешіт марапатына ие болды.

 

Астананың ажарлы мәдениет ордасы «Әзірет Сұлтан» мешіті бұл күні қала тұрғындарына төмен бағада ас-тағамдар ұсынды. Ұлыс мерекесінің дәм үйірер наурыз көжесі  тегін таратылды. Бұған қоса, қайырымдылық жәрмеңкесінде ұлттық зергерлік бұйымдар мен «Хикмет» телестудиясының өнімдері де тиімді бағамен жәрмеңкеге қойылды. Айта кетсек, қала мешіттеріндегі осындай жәрмеңкелерден түскен қаражат толықтай қайырымдылыққа жұмсалатын болады.

 

«Ғылмани» мешіті де жылдағы үрдістен жаңылмай ел мерекесін атап өтті. Жұртшылыққа арнайы мерекелік дастархан жайылып, наурыз көже таратылды. Мешіт имамдары мен жамағаты асық ату, арқан тарту, кір тасын көтеру секілді ойын-сайыстарына қатысып, ұлттық мерекенің көркін қыздырды.

 

«Қырқыншы станса» елді мекенінде орналасқан «Әс-Сәлам» мешіті Ұлыс мерекесін қасиетті Құран аятын оқумен, ақсақалды қариялардың бата-тілегімен қарсы алды. Бас имам Нұрбол Әбсаттарұлы мешіт атынан 80-ге жуық адамға наурыз дастарханын жайып, мерекені бұқарамен бірге атап өтті. Ұлттық ойын – асық ату, арқан тартыс, қол күресі секілді сайыстар өткізіліп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен арнайы кубок табысталды.

 


«Төлебай»  мешітінде наурыз мерекесі өз деңгейінде аталып өтті. Мерекеде  қазақ  халқының ұлттық ойындары –  асық ату, арқан тартыс,  тоғыз құмалақ, тас көтеру ойындары  ойналды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйақы мен бағалы заттар тарту етілді. Бұл күні жергілікті жамағат мешіт ұжымы ұйымдастырған наурыз көже мен ұлттық ас-тағамдардан дәм татты.

 

«Кунта қажы» мешіті Астанадағы ұлттар мен халықтар достығының, мұсылман жамағатының ауызбірлігінің шаңырағына айналған құлшылық үйі. Шешен-ингуш диаспорасы жергілікті жамағатпен атаулы мереке күндері басқосып, рухани шаралар өткізіп келеді. Мешіттің бас имамы Яхия қажы Абдолла әз-Наурыз мерекесінде аймақ тұрғындарымен жүздесіп, қазақ үйде жайылған дастархан басында дидарласты. Татулыққа ту тіккен еліміздің баянды болашағы үшін дұға етіп, ізгі тілегін арнады. 

 

«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі 

Бөлісу: