26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ұлыс күні ізгілік ұлықталды (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Бүгін алты алаштың айрықша мейрамы әз-Наурыздың қарсаңында Астанада бұқараға арналған игі шаралар өтті. Елорда руханиятының ошағына айналған мұнаралы мешіттер дәстүрлі мерекелік жәрмеңкелерін ұйымдастырды.

Бас қаланың орталық мешіті осынау мерейлі мейрамның құрметіне бірқатар игі істерге есік ашты. Жұма намазына жиылған жұртшылық әз-Наурыз жәрмеңкесінен дәм татып, көктемнің атаулы мейрамында жүздесіп, өткен жылғы өкпе-реніштерін кешіріп, шығыс дәстүрімен табиғаттың түлеп, жаңарған сәтін қуанышпен қарсы алды.

Тамыры тарих тереңінен тартатын Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған шараға ҚМДБ наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған дін қызметкерлері қатысты. Өкіл имам қайырымдылық мақсатында ұдайы өткізіліп отырған жәрмеңкеге арнайы келіп, бұқараның қуанышын бөлісті.

Мұнан кейін салт-дәстүрімізді жаңғыртқан ақшаңқан қазақ үйде астаналықтарға ақ дастархан жайылып, баршасы Наурыз көжеден дәм татты. Ата жолынан жаңылмаған жұртшылықтың бүгінгі қуанышының орны да ерекше. Себебі, Наурыз тәуелсіздігімізбен оралған ұлт қазынасы, ел мұрасы. Наиб мүфти жиылған жұртшылықты бес мың жылдық тарихы бар мерекемен құттықтады. «Күн мен түннің теңеліп, жер әлемнің жасарып, жаңаратын күні баршамыз Жаратқаннан тек жақсылықтарға үміт етеміз. Бұл көктемнің мерекесі ғана емес, ізгілік пен жақсылықтың нышаны, береке-бірліктің бастауы. Ұлыстың ұлы күні ертеде адамдар азды-көпті өкпе-реніштерін ұмытып, татуласып, табысқан. Мол дастархан жайып, жарқын көңілмен жүздескен. Міне, осы игі дәстүр бүгінгі таңда өзінің тарихи жалғастығын тауып келеді. Бұл да біздің тәуелсіздігіміздің үлкен сыйы, Алла тағаланың шексіз нығметі. Баршаларыңыздың шаңырақтарыңызға шаттық, ырыс-ынтымақ тілеймін! Ұлыс оң болсын!» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетсек, жәрмеңкеде халыққа ұсынылған  ұлттық ас-тағам түрлері мен діни заттардан түскен қаражат толығымен қайырымдылық шараларына жолданады.

«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: