27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Балалармен өткен бақытты сәт (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Ғаламға рахым нұрын төккен сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жетімнің тірлігіне қарайлаған кісі, оның туысы болсын, мейлі оған бөтен болсын, ол кісі менімен жәннатта мына екі саусақ сияқты бірге болады» деп сұқ саусағы мен ортаңғы саусағын ашып, көрсеткен екен. Иә, мұсылманшылығы мығым, дініне берік ата-бабаларымызда жетімін жылатып, жесірін қаңғытпаған.

 Қай заманда болмасын, тағдыр жазған сынаққа көніп, жетімдік күй кешкендер болса,  оларға қамқорлық танытар жүрегі жұмсақ, пейілі кең игі жақсылар да қатар жүреді. Олай болса, қолыңнан келген көмегіңді көрсетіп, шынайы мейіріммен бір жетімнің басынан сипау – сауап іс.

Астана қаласы «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Асхат Салимов және мешіт жамағаттарымен бірлесе ақпан айының ішінде отбасылық үлгідегі «Жетімдер үйі» мекемесінің тәрбиеленушілеріне қайырымдылық шарасын өткізді. Мекемеде тәрбиеленіп жатқан 135 балаға наиб имам А.Салимов оқу-құралдары мен тәттілер табыстай келе бүлдіршіндерге тәрбиелі, ақылды, білімді болып өсуге шақырып, тілектестігін жеткізді.

Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім Алла үшін бір жетімді басынан сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап алады» деген. Тек қол ұшымызды созсақ екен деп емес, сонымен қатар, жылы сөзімізбен қолдауымызды білдірсек дей келген мешіт жамағаттары мемлекет қамқорлығындағы балалардың басынан сипап, құшағына қысып, көңілдерін аулады. Алтын уақыт бөліп, сый-сияпатымен келген қамқоршы азаматтарға мекеме ұжымы мен тәрбиеленуші балалар ризашылықтарын айтып, алғыс жаудырды.


 

«Нұр Астана» орталық

мешітінің баспасөз қызметі 

Бөлісу: