26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Әз елші есімі ұлықталды (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Өмір жолы күллі мұсылман баласына өнеге, аты ардақты тұлға Мұхаммед пайғамбар мәулітіне орай «Нұр Астана» орталық мешітінде «Ол кім еді?» атауымен жамағат арасында білім сайысы өтті.

Наиб имам Жандос Айтбай пайғамбар өмірінен сыр шертетін сайыс мақсатына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. «Бұл жарыс – жай ғана сіздерді бәйгеге салып, жарыстырып қою емес, ардақты Алла елшісінің ғибратқа толы ғұмырын өздеріңізге һәм көпшілікке үлгі-өнеге ету, ислам құндылықтарын ұлықтап, иман көкжиегін кеңейту» деді Ж.Айтбай.

Мешіттегі сауат ашу курсына қатысушы 20 шәкірт  алдын ала пайғамбарымыздың өмірбаяны қамтылған кітап бойынша тыңғылықты дайындықтан өтіп, 6 шәкірт бүгінгі ақтық мәреде бақ сынады.

Айтулы шараға «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы Жұманазар Садырхан және «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Әділхан Серікбай қазылық етті. Ізгілік кешіне белгілі ақын Серікзат Дүйсенғазин көпшілікке ой салар жыр шумақтарымен әр берді. Сонымен қатар, жиылған жамағат та жарыстан тыс қалмай, сұрақ-жауап сайысында ой жарыстырды.

Үш турдан тұратын сынақтың сын сағатынан үш үміткер оза шауып, Мамырхан Пашанов бірінші орынды, Медет Әбділла екінші, ал Бақтияр Сапарұлы үшінші орынды иеленді.

Шара соңы үздіктер биігінен көрінген, белсене қатысқан шәкірттер мен қатысушыларға бағалы сыйлықтар табыстаумен түйінделді.


 

«Нұр Астана» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: