Бүгін елорданың №61 орта мектебінде «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы «Жас Отан» жастар қанаты мен «Нұр Астана» орталық мешітінің ұйымдастыруымен мектеп оқушыларына арналған шара өтті. Жиынға 8-11 сыныптың 400-ге жуық оқушы қатысты.
Айтулы жиын жастар арасындағы діни радикалимзнің алдын алу мақсатында қолға алынған. ҚМДБ наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы жас жеткіншектерге салиқалы насихат жүргізді.
«Мемлекет біздің ортақ үйіміз, үлкен шаңырағымыз. Біздің атамекеніміз. Отанымыздың өсіп-өркендеуі үшін барлық салада сіздер, жастар, белсенді болуларыңыз керек. Білім алудан жалықпауларыңыз ләзім. Ардақты пайғамбарымыз білім іздеп сонау Қытай ассаңдар да үйреніңдер дейді. Мінездің дұрыс болуы – алған білімнің пайдалы болуының кепілі. Ата-анаға деген құрмет – сіздердің осы мектеп қабырғасында олардың үкілеген үмітін ақтап, білім үйреніп, ғылым меңгерулеріңіз болмақ» деп наиб мүфти жастарды білім алуға шақырды.
Басқосу соңында асыл діннің атын жамылып, ой-сананы сарсаңға салған жат ағымдар туралы арнайы дайындалған бейнематериалдар оқушылар назарына ұсынылды. Сондай-ақ, дәстүрлі ислам дінінен толыққанды мәлімет беретін ҚМДБ ресми сайты мен оған қарасты сенімді порталдар таныстырылды. Оқушылар өздерін қызықтырған, көкейлерін мазалаған сауалдарын қойып, тұщымды жауаптарын алды. Айта кетейік, «Жас Отан» жастар қанатымен бірлескен мұндай жүздесулер алдағы уақытта басқа да мектептерде жалғасын табады.
ummet.kz-ақпарат