«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінде 1-20 маусым аралығында өткен мектеп оқушыларына арналған жазғы сауат ашу курсы өз мәресіне жетті.
Жиырма күн ішінде 165 кішкентай шәкірттеріміз мешітімізде Құран әліппесі, имандылық сабақтарымен қатар тәлім-тәрбие дәрістерін алды.
Сауат ашу курсының аяқталуына байланысты мешіттің имамдары мен ұстаздары шәкірттермен және олардың ата-аналарымен бас қосты. Берекелі жиында мешіттің наиб имамы Мамлюк Мусаев құттықтау сөз сөйлеп, оқушылардың жиырма күндік жетістіктері жайлы ата-аналарына баяндап берді. Аз уақыттың ішінде курс шәкірттері Алла Тағаланы тану, ата-анаға құрмет көрсету, дұрыс тамақтану әдептері секілді пайдалы әрі маңызды дәрістерден үлгі-насихат ала білді.
Келген ата-аналарына ұл шәкірттер көркем түрде Құран оқып берсе, қыз шәкірттер Алла Тағаланың көркем есімдерін жатқа айтып берді. Ата-аналар балаларының осы қысқа мерзімде алған білімдеріне тәнті болып, мешіт имам-ұстаздарына алғыстарын жаудырды. Айта кетейік, Сауат ашу курсындағы бүлдіршіндерге сабақ беруге «Астана» медресесінен, Алматы облысы «Ұшқоңыр» медресесінен және «Сарыағаш» медресесінен арнайы шәкірттер шақырылған болатын. Жиында мешіт ұжымы мен ата-аналар арнайы келіп, балаларға дәріс берген медресе шәкірттеріне ризашылықтарын білдірді.
Жиын соңында мешіт ұстаздары шәкірттерге жазғы сауат ашу курсын толық аяқтағанын растайтын арнайы сертификат және мешіт ұжымы атынан сый-сияпат табыстады.
ummet.kz