31 желтоқсан. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Бүгін «Нұр Астана» мешітінде «Мейірімділік мекені» қайырымдылық шарасы өтті. Көп балалы аналар мен әлеуметтік жағдайы төмен 40-қа жуық отбасына азық-түлік таратылды.
Мешіт ұжымының ұйытқы болуымен тұрақты түрде ұйымдастырылып жүрген ізгі шараның өтуіне «Сауап» белсенділер тобы атсалысты. «Сауап» белсенділер тобының жанашыр да қамқор азаматтары мешіт қабырғасында өтетін көптеген қайырымдылықтардың басы-қасынан табылып, әрдайым игі істерге қолдау көрсетіп келеді.
Бүгін де жылдың соңғы күніне дөп келген «Мейірімділік мекені» қайырымдылық шарасында риза болған аналар «Сауап» тобы мүшелеріне, мешіт әкімшілігіне алғысын білдірді.