27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Қош келдің, айлардың сұлтаны!

Қош келдің, айлардың сұлтаны!

Жаңалықтар
Жарнама

Рамазан айы – он екі айдың сұлтаны, берекесі де, кешірімі мол ай. Барша үмметтің асыға күткен Құран айы да келіп жетіп, жұртшылық ауыз бекітуде.

Рамазан – тұтастай ғибадатпен өткізілетін уақыт. Материалдық әрі рухани тұрғыдан жылдың ең берекетті күндері. Әрбір мүмин намазы, оразасы, жақсылықтары, қызметтері мен дұғасы арқылы осы рақымдылық пен берекеден нәсібін алуға тырысуы керек. Біліп және білмей істеген күнәлары үшін Алладан кешірім тілеуі керек. Жаратушысына жалбарынуы қажет.

Хақ тағала да құлының осы шынайы дұғасы мен тілегін қайтарусыз қалдырмайды, күнәларын кешіреді, рақымшылығына бөлейді.

Рамазан – тақуалықты одан әрі арттыруға мүмкіндік беретін ай. Құдайдан қорқа білу – мүминге міндет. «Әй, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгеніндей, сендерге де ораза парыз етілді» – деп басталатын аяттың «мүмкін тақуалық қыларсыңдар» деген сөздермен аяқталуында үлкен сыр бар. Бұхариде келген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім өтірік сөз бен оған амал қылудан тыйылмаса, Аллаһ оның жеп-ішуден тыйылуына мұқтаж емес», – деп айтқан.

Рамазан сондай-ақ, Құран айы болып табылады, себебі Рамазан айында Құран аспанға Тағдыр тақтайшасынан түсірілген. Інжіл, Забур, Таурат секілді қалған барлық Қасиетті кітаптар да осы айда түсірілген.  Сондықтан осы айда мұсылмандар Алланың сөзін көбірек жеке оқиды және түнгі тарауық намаздарында Құранды түгелімен оқып шығуға амал жасайды.

Бірақ барлығынан да Рамазан айы ауыз бекітумен белгілі (оразамен). Мұсылмандар үшін ауыз бекіту – бұл «диета» ұстау емес, керісінше тәуліктің күндізгі уақытында ішіп-жеуден, артық сөзден (сондай-ақ жыныстық жақындықтан) толығымен бас тарту. Ауыз бекіту әрбір мұсылман үшін парыз, алайда оны белгілі себеппен бұзуға болатын жағдайлар да баршылық. Исламның маңызды бөлігі ораза – біздің дініміздің теріске шығаруға жол берілмейтін тірегі.

«Аса Құдіретті және Ұлы Алла: Адам баласының әр амалы өзі үшін. Ал, ораза ондай емес! (Өйткені мен жемеймін, ішпеймін және бүкіл адамдық сипаттардан пәкпін). Сондықтан оразаның сауабын ерекше түрде көп қылып мен беремін», – дейді (Құдси хадис. Бұхари,Саум,2,9; Мүслим, Сыям,30.).

Ендеше, сыйын Ұлы Алланың өзі беретін, бізге парыз болған ораза айын, құлшылық айын мол сауаппен өткізейік! Алла Тағала баршаңыздың ұстаған оразаларыңызды, ниеттеріңізді қабыл еткей! Рамазан айы мүбәрак болсын!

ummet.kz

Бөлісу: