25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Кітап оқыған балада кілтипан болмайды

Исламдағы отбасы
Жарнама

Мына зымыран уақыт біздің көз майымызды тауысып кітап оқытуға мүмкіндік бере бермейтіні рас. Десек те, «соңғы оқыған кітабыңыздың аты қандай?»  деп қапелімде сауал қойсақ, кібіртіктеп қалатыныңыз кәдік. Дегенмен, дерекке жүгінейік.

 ЮНЕСКО-ның Статистика институтының мәліметі бойынша, адам басына шаққандағы кітапханасының көптігі жағынан бүгінде әлем бойынша Грузия мемлекеті көш бастап тұр. Бұл елде 1 мың адамға шаққанда 16 335 кітаптан келеді екен. Алғашқы ондықта бұрынғы Кеңес одағы елдері ішінен Армения, Эстония, Литва елдері де бар. Кітап қоры жөнінен Қазақстан әлем бойынша 41-орында тұр. Еліміздегі әрбір мың тұрғынға 249 кітаптан келеді екен. Бұл да жақсы көрсеткіш. Жалпы кітап оқуды дәстүрге айналдырғанның пайдасы көп. Қазақстанда бірнеше жылдан бері «Бір ел – бір кітап» акциясы тұрақты өткізіліп келеді. Оның  аясында «Жыл кітабы» шарасы да өтті. 2015 жылғы таңдауға 250-ге жуық кітапханалар желісі атсалысты.  Ұйымдастыру комиссиясының отырысында «Жыл кітабы» болып Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы таңдалды. Расында да мұндай акцияның пайдалы жағы көп.

Ел кітап оқудың құндылықтарын жете ұғынады. Мемлекеттік бағдарлама аясындағы  бұл шарадан соң   таңдалған «Жыл кітабы» еліміздің барлық кітапханалары мен мектептерінде дәріптеліп, оқырман қауымға кеңінен насихатталады. Бұл дұрыс жол. Бірақ... Дамыған ел газет оқиды, дамушы ел радио тыңдайды, дамымаған ел теледидар көреді деген қанатты сөз бар. Расында да ойлы сөз.  Сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында кітапты көп оқитын ел ретінде танылған Қазақстан бүгінде сол деңгейден көріне ме? Жоқ. Назардың барлығы теледеидар мен интернетке ауып кетті. Кітап оқымайтын ұрпақ өсіп келеді. Осы олқылықтың орнын толтыруымыз қажет. Бірақ қалай? Оның басты кілті – ата-анада. Сондықтан  тәрбиеде басты көңіл балаға аударылуы керек. Жалпы өмірде балалық, жастық және орта жасқа келгенде, бір кітапты қайталап оқитын жайттар жиі кездеседі. Өйткені әр ұрпақтың, әр кезеңнің пайым жасап, кітапты әрқалай немесе қайталап оқуында сыр бар.

Кітапқұмар жұртшылық­тың бір кітапты қартайған шағына дейін бірнеше рет қайталап оқуының себебі мынада: Өйткені оны әр жаста оқыған сайын адамның түйсінуі бөлек болады. Қайыра түйсінеді, пайым жа­сайды, ой қорытады. Бірақ кітапты қалай оқу керек? Әркім әрқалай, біреу жылдам оқиды, екіншілері қарап шы­ғады. Соң­ғысы түйсіну емес. Бірақ кітап оқыған адамның жан дүниесі терең, сөз саптауы ерек, ойы сергек болатыны сөз­­сіз. Алай­да солай деп біржола ке­сім шы­ғаруға бола ма? Жоқ. Кей­бір адамдар білгенін шешендікпен айта алмауы мүмкін. Дегенмен, олар­дың жазғанынан, ойынан бәрібір тереңдік көрініп тұрады.  Негізі кітап оқудың өз жолы әртүрлі. Біреу кітапты жылдам, екіншісі асықпай оқиды. Кейбір мә­ліметтерге қарағанда, ересектер ор­таша есеппен минутына 180-250 сөз оқиды екен. Зерттеушілер бұл көр­сеткішті  көбейтуге болатынын айтады. Алай­да адамның миы оқыған кітабының мазмұнын 100 пайыз қабылдай ала ма? Мәселе – сонда. Психологтардың ай­туы­на қарағанда, адам кітапты асық­пай оқыған кезінде ондағы жазылған мәтіннің 60 пайызын ғана қабылдай алады екен. Ал жылдам оқитын жан­дар да бар емес пе? Мамандардың зерт­теуіне қарағанда, жылдам оқу сәтінде кітапқұмар жан туындының 80 пайызын түсінуге мүмкіндік алады екен.

Сарапшылар жылдам оқылған ақпарат санаға тез қабылданып сі­ңе­тінін айтады. Бірақ кітап оқып оты­рып, бір нәрсеге мән бере бер­мей­ді екенбіз. Атап айтар болсақ, жыл­дам оқы­ғанның зияны жоқ. Ал адам кі­тапты асықпай оқыса, көз тез талады екен. Мына бір мысалға мән бер­меуі­міз ықтимал. Қарапайым адам кітап оқып отырып, қарағанда 10 әріп­тік бел­гіні көруі мүмкін, яғни сіз бір мезетте 1-2 сөзді көре аласыз. Ал осы көріністі жылдам қайталайтын бол­саңыз, бір зер салғанда 200-500 бел­гіні, яғни 33-83 сөзді бір-ақ көреді екенсіз. Сондықтан жылдам оқыған­ның пайдасы да көп. АҚШ-тың он алтыншы прези­денті А.Лин­кольн «Табысқа жетудің бір ғана жолы – кітап оқу» деп бекер айтпа­ған. Адамның өмір сүру бары­сында бір кітапты бірнеше рет қайта­лап оқитын сәті көп. Грек философы Демосфен әйгілі тарихшы Фуки­ди­даның шығармасын жете түсіну үшін 8 рет оқыған. Гете адамдарды оқыған кітаптарына қарай бағалаған.

Қа­зақ­тың  философ Абайды жиі  қайталап оқитыны бекер емес. Боямасыз өмір, фило­со­фия, тіршілік, адамдық қарым-қаты­нас, бәрі, барлығы – Абайдың қара сөзінде. Әрине, жақсы кітап – жан азығы.  Абайды оқыған пенде азбайды, жаны тозбайды. Иманы артады. Иманы бар адам ибалы. Қоғам­дағы қылмыс – бүгінгі тұрмыс. Абай­ды оқыған адам азғындыққа бар­майды. Соны түйсіну ләзім. Тәрбие – тал­бесіктен, өскен ортадан. Қозға­лыс­тағы асау тіршіліктің ағынын па­й­ымдай білуден.

Ойын қорыта ал­маған бала жалтақ.

Қоғамдық пікірі жоқ жас қорқақ. Адамның ішкі рухани түйсігі терең болса, зиялылығы да жо­ғары. Бірақ бүгінгі қатыгез қоғам адамды әртүрлі етіп тербиелейді. Өрісі биік бала өседі, өресі тар бала өшеді. Мә­селе – баланы қалай тәрбиелей алу­­да. Оның келешегін бағалай білуде.  Кейбір бала немесе жастың ішкі түй­сігі мықты болып, оны көрсете алмай булығып өсуі мүмкін. Бір ғана мысал, 20 жасында мектепті зорға бітірген Карл Линнейді мектепте мұғалімдер білімсіз деп санаған. Ол кейін таби­ғаттану саласының білгірі ретінде әлемге танымал а швед ғалымына айналды. Гоголь мектепте шығарманы 2-3-ке жазған. Кейін ол орыстың ұлы жа­зушысы болды. Чарльз Дарвинді әке­­­сі «сенің қолыңнан тышқан аулаудан басқа түк келмейді» деп үнемі тұқыртып отыратын болған. Бірақ талант қашан да тас жарады. Дарындылардың аты ақыры дүниеге мәшһүр болады. Оның себебі білім, ізденіс, кітап оқудан шығып тұр. Бір пайыз талант, 99 пайыз еңбек деген – осы. Сондықтан олқылығыңызды кі­тап оқып толтырыңыз.  World Culture Score Index-тің мә­ліметіне сүйенсек, әлемдегі ең көп кітап оқитын ел Үндістан (бірақ сон­шалықты өркениетті емес) екен. Ор­таша есеппен алғанда, бір күннің 10 сағат, 42 минуты кітап оқумен өтеді екен. Одан кейін, екінші болып Тай­ланд ( 9 сағат, 24 минут) тұрса, үшінші орын қытайлықтардың (8 сағат), ал төртіншi, бесінші орын Фи­липпин (7 сағат, 36 минут) мен Че­хияның (7 сағат, 24 минут) енші­сінде.  Жалпы ізденістен, кітап оқығаннан зиян шеккен ешкім жоқ. Мысалы, Максим Горький минутына төрт мың сөз оқыса, Наполеон минутына екі мың сөз оқыған. Сталин бір күнде оқыған 400 бетін өте төменгі көрсет­кіш деп есептеген. Бірақ кітап жа­ныңды сергітеді, жан сарайыңды ке­ңітеді. Әрине, біреу тез, екінші біреу асықпай оқиды. Үшіншілері астын сызып, ұнаған жерін қойын кітапшасына көшіріп оқиды. Кім қалай оқысын, түйсініп оқығанға жетпейді. ...Қысқасы, кітап оқыған балада кілтипан болмайды. 

Бөлісу: