25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Туыстық пен тыныштық

Исламдағы отбасы
Жарнама

Жолынан қиыс кеткенді құрдымға ататындай кәрін алып, жаһандану дәуірі алаңдап тұр. «Заманыңа қарай бөркіңді ки» деген мәтелдің мәнісіне бой ұрған кейбір тамырластарымыздың тағдыры күйреп, таянарға шыбық, талмарға тал таппай жүргені де иненің жасуындай саңлауы бар жанарларға шалынып қалып жатыр. Осының бәрі неден болды деген сауалға сана жетелетіп, ой өргізіп көргендер жоқ деп кесіп айта алмаспыз. Алайда, жоқтың қасы екені де белгілі. Осындай алмағайып заманда тағдырын дін мен дәстүрден ажыратпаған арда жұрттың туыстық қарым-қатынасының салқындап бара жатқандығы да алаңдарлық мәселе.

Туыстық, татулық, ынтымақ пен ымыра деген сөздерді ес­ті­мейтінге айналдық. Оның себеп-салдары неден деп бас қатырып жүрген кәл­ләні да шынымен аз байқаймыз. Ал мұнаралы мешітке кіріп уағыз тың­дай қалсаң: «ты­ныш­тық пен татулық бар жерге бақ-береке орнап, туыс­тарын іздеп, көпшіл болған адам­дар­дың өмірі ұзақ һәм нұрлы болады», – деген сынды жылы сөздерді қуыс құлақ жиі естиді. Оған да шүкір делік. Бабалардың аузынан тас­та­ма­ған қазыналы сөз қабырғалы құл­шы­лық орнында сақталғанына да тәу­бе.

Негізінде, дәстүріне дүбәрәлық танытпаған, керісінше бес жасар баласынан жер бесікке таяп қалған қартына дейін дәріптей білген ха­лық­тың ең басты ұстанымы – туы­сы­мен тату болу. Ал бүгінгі таңда кей ағайынның ат құйрығын кесіс­кендей ара бөліп жатқанын толық біліп, түсініп, аярлық ақпар­ға қа­ны­ғып жүрміз. Оның себебі, көк қа­ғаз­дың алмасуы мен дү­ниенің араласуы деп түсін­ді­ре­тіндер де бар. Алайда, бастысы дін мен дәстүрге ден қой­май жүр­ге­ні­мізде екенін санаға са­лып бай­қай­тындар сиреп бара жат­қан­дай.

«Бөлінгенді бөрі жейді», – деп діл­марсып отыратын дәстүрін ді­ңі­не дарытып, сүйегіне бітірген ке­шегі қарттарды аңсап қал­ған­дай­мыз. Бүгінде шау тартқан шақтағы шоқ­ша-қырма сақалдылардың кей­біреуі ғана кешегілердің өнегелі өсиетін жалғастырып, айтып оты­рады. Саба түбі сарқынды жасында ағайынмен тату бол деген сөзін тәспі тарт­қан­дай қайталап, санаға сіңіретін қария­лар азайды. Ақ­ки­мешекті мен ақса­қалдардың сол өсиетінен кейін, ірге бөлмек түгілі, түстік асын өзге түң­лік­тен ішер туыстар жоқ еді кеше. Ал бү­гін­гіміз бүлініп, туы­сы­мыз бір-бі­рінен түңіліп тұрған заман бо­лып бара жатқандай.

Адамзаттың арғы-бергі өмірін тұтас қамтыған Ислам дінінің ға­жайыбына таңдана түспеске шара жоқ. Тіпті, біз елей бермейтін нәзік те нәркес дүниені қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) жет­кен хадистерден біліп, қаны­ғып, ақиқаттың астарына бойлап жүр­геніміз анық. Сондай ха­дис­терінің бірінде Алланың сүйікті Елшісі (с.ғ.с): «Алла үшін ең сүйік­ті іс – Аллаға иман келтіру, сосын туыс­тық байланысты сақтау, сосын жақсылыққа үндеп, жа­ман­дықтан тыю. Алла үшін ең жаман іс – Аллаға серік қосу, сосын туыс­тық байлансты үзу», – деген еді. Әуелгі­сі жоқ, туылмаған да тума­ған, құді­ретті Жаратқан иемізге серік қосу үлкен күнә екені белгілі. Ислам құн­дылығына қанығып жүр­ген көзі қарақты оқырман осы бір хадистің астарына бойлай алмақ. Ал одан кейін Раббымызға ұнамсыз қылық туыс адамдардың қаты­нас­ты тоқтат­қаны екенін ұғынған пен­де қырық­пышақ болып қалса да, ағайынымен болған кикілжіңді болмағандай күй­ге келтірер деп білеміз.

Ел бірлігін сақтаған қария­лар­дың жөні басқа. Бүгінгі қарт­тар­дың да арасында өзінің әулетін түгендеп, зәузатын бір арнада ғұмыр кешуге нұсқап отырғандары баршылық. Алайда, қазіргінің кесе­лі қарттардың аздығында емес, дін мен дәстүрдің тереңіне бойлауды ойлауды қойып бара жатқандарда деп кесіп айтсақ артық емес. Оның түйінін тарқатар болсақ, тарау-тарау әңгімеге жүк болары хақ.

Негізінде, «керегем ағаш, ұра­ным Алаш» деген тәмсілдің төр­кі­нін­де ұлттық бірлік жатыр. Ал Алаш дейтін заман өтті деудің реті жоқ. Тыныштықтың тал бесігінде тер­бе­ліп өссек те еліміздің бір қа­же­тіне жа­рау біздің басты ұс­та­ны­мымыз болу керек. Ол үшін Отанды құрай­тын отбасының бір­лігін ең бірінші орынға қойсақ, абзал дініміз бен дәстүрімізге тамыр тартсақ, ел үшін атқарған алғашқы жақ­сы­лы­ғымыз сол болар еді. Алайда, «қазақ той­шыл ел», – деп қатардан қал­мауды меже етіп, мүжілген асықтан сақа шығаруға құмар боп кеткеніміз де жасырын емес. Яғни, ел қатарлы той жасап, ағайынның басын қосып жа­тамыз. Ол дұрыс шығар. Адал ақ­ша­мен жат болып бара жатқан жама­ғай­ын­ның басын қоссақ бір сәрі. Алла­ның өзі харам еткен не­сие­ге қол са­лып, қол салғанда да мол салып, той өт­кен соң саусақ тістеп, бармақ қыр­шып қаламыз. Ал жақсы делік. Қа­рыз­данып болса да той өткеріп, жа­қын­ды жарастырып, туысты түген­дедік. Дегенмен, Ал­ланың бұй­ры­ғы­на қарсы келген істің бәрі бекер еке­нін ойламадық. Бұл бір.

Екіншіден, тағдырдың түгесілер шағында не болмаса сырқат меңдеп, мезі еткен шақта туысымызды тү­гендеп, араздасқан ағайыннан ақым­ды кешсін дейтін жұртпыз. Бұл біздің ең үлкен кемшілігіміз. Ғұ­мырдың ұзақ болуы туыстық қа­рым-қатынас­тың жақсы болған­дығынан екенін кейбіріміз білсек, кейбіріміз біл­мей­міз. Соның сал­да­рынан кемеңгер халқымыз айт­қан­дай «ажалдан үш күн бұрын өле­міз». Үшіншіден, қазақ халқы әлім­сақтан дастарқанын жима­ған, ырыз­дық несібесін аяққа теппе­ген халық. Алайда, бүгінгі кейбір жандар кө­ңі­лі қалған туысын қарыз­данып жа­са­ған той-томалағынан да сырт қал­дырып, сесін көрсетіп, сал­қын­дығын сездіріп жататыны белгілі. Оған мысал келтірудің қажеті ша­малы. Дөңгеленген дүние бір орын­да тұрмасы анық. Ырысы ортайған тұста қуанышына ортақтастырмаған туысын еске алып, сан соғар. Осы­ның бәрін Әнес ибн Мәліктен жет­кен риуаятта Алланың сүйікті ел­шісі Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Кімде-кім ырызық-несі­бесінің мо­лаюын немесе ғұмырының ұзақ бол­уын қаласа, туыстық бай­ланысын жалғасын», – деп біздерге тура жол ұсынған. Яғни, туыстық қатынастың үзілгені – тағдырыңның түгесілуіне апарып соқтырар рухани дерттің бірі.

Әлімсақтан қазақ халқы туыс­тық пен отбасындағы тыныштыққа баса назар аударатын ел. Сондықтан да әдеби қорымыздың інжу-мар­жаны болып саналатын шешендік және нақыл сөздер көп қалған. Солардың бірі: «Ай көрмесең туы­сың жат, жыл көрмесең жолдасың жат» немесе «ағайынның азары болса да, безері болмас», – деген ұлағатты, ғибратты сөздер. Алайда, бүгінгі тұста азары да, безері де бар секілді көрінеді де тұрады. Ол жағымсыз қылықты, іші­мізге кіріп ірітіп жатқан дертті тек қана дініміз бен дәстүрімізді толық та­ну арқылы емдеп шыға алаты­ны­мызға сенсек-ау.

Кимешегің кірлетпеген, сақалын сәндеп тараған ата-әжелеріміздің шежіре тартып сөйлейтіні бар қа­зақ­тың шаңырағында орын алған жайт. Туысын тірісінде түген­де­месе, өл­ген­де бауырымдап жы­ла­ғанды ар сана­ған арлы қарттарымыз діни сауатты болған. Оған да пай­ғамбарлардың сұлтаны болған Мұ­хам­мед (с.ғ.с) нақты дәлел келтіріп кеткен-ді. Нақ­ты­рақ айтсақ Алла Елшісі (с.ғ.с) Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен риуаятта былай дейді: «Ше­жірелеріңнен туыс­тық қа­ты­нас­та­рыңды жалғай­тын нәрселеріңді үй­реніңдер. Шын­дығында, туыс­тық қатынасты жал­­ғау әулетке сүйіспеншілік, малға өсім, ғұмырға ұзақтық әкеледі». Осы бір хадистен қазақ халқының кемең­герлігін кө­ру­ге болады. Жасы жеткен қар­т­та­ры­мыз туыс-туғанын іздеп шығатыны, сәт сайын есіне алып күбірлеп оты­ратыны осыдан болса керек-ті. Ал сол қарттардың осы қа­сиетін біл­ме­ген, дәстүрін таны­маған, дінін ашып оқымаған жандардың күйі қалай болатыны белгісіз. Тек Жа­­рат­қан иеміз оларды өзінің хақ жолына салса екен деген дұға-ті­лек­тен басқа айтарымыз жоқ.

Адам баласының тәні дүниелік құмарлықты ұнатса, жаны рухани кәусарға бас қоюды қалайтындай. Алайда, қанша ақыл иесі болсақ та жанның не қалайтынын көп аңғара бермейміз. Тек мұнаралы мешіт­терде жәннат бақшасы мен ондағы мәңгілік өмірдің рахаты жайлы айтылғанда, түлеген қырандай дүр сілкініп, жаны жай тауып қала­ты­нын талай рет Алла жолында жүр­ген ағалардың аузынан естігеніміз бар. Одан түйген ой біреу ғана. Тәніміз дүниелік құмарлықты қа­ла­ғанда, жанымыз жаннаты аң­сай­ды деген... Тек тәннің қалауына ырық беріп, жан қалауына мән бермей жатқандаймыз. Сол себепті де, жан­натқа бастайтын, жанның тын­шитын нәрселерін білмей келеміз. Ал баба­ларымыз «төртеу түгел болса төбе­де­гі келеді», – деп айт­қа­нындай ағайын­мен жақсы мәміледе бол­са ол да жан­нат­қа бастайтынын, жан байлығына тікелей әсер ететін дүние екенін аңға­рамыз. Оған дәлел ретінде жоғарыда бірнеше хадистер келтірген бола­тынбыз. Жан мен тән, туыстық пен тыныштық жайлы айтылған ойдың осы бір түйінін тағы да хадиспен нақтылайық. Әбу Айюубтан (р.а) жеткен риуаятта бір кісі Пай­ғам­барға (с.ғ.с) келіп: – Мені жұмаққа кір­гізетін іс туралы айтшы, – де­ген­де Пайғамбарымыз (с.ғ.с): – Ол – «Аллаға еш серік қос­пай құлшылық етуің, намаз оқуың, зекет беруің және туыстық бай­ла­нысты жал­ғас­тыруың», – деген. Қарап отырсақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) айтқан осы бір сөзі, адам­заттың өмір сүру жолындағы ең негізгілері, бақыт­сыз­дықтан алшақ­татып, Алла риза­шы­лы­ғына бө­лей­тін амалдар. Және де осы айтылған сөзді жүрекке сіңіре білсек, жан тыныштығы мен елі­міз­дің ма­мы­ражай күнде тіршілік етері сөзсіз. Өйткені отбасы немесе бәр әулеттің жанжалынан әлем дүрлік­кен­дей болатыны сөзсіз. Оған бір ғана мы­сал айтуға да болады: егер ағайын­мен араздасып күн кешіп жатқан жандар болса, олар жер әлем­де қанша тыныштық орнағанымен де мамыражай заман емес деп баға берер еді. Сол секілді, жүрек ты­ныш­тығы да отбасы татулығына бай­ланысты болатыны сөзсіз. Ал оның түп-тамыры ата дініміз бен салт-дәстүрімізде жатқаны көзі қарықты, көкірегі ояу жандарға белгілі.

Алланың сүйікті Елшісі (с.ғ.с) бір хадисінде: «Кімде-кім өмірінің ұзар­уын, ризығының кеңеюін қаласа, ата-анасына ізгілік жасап, туыс­тық қатынасын жалғасын» десе және бір хадисінде: «Үш адам жән­нат­қа кірмейді. Олар: арақ ішуші, туыстық байланысты үзуші және сиқырға сенуші», – деп өзінің үмбе­тіне ескер­ту жасап кеткен. Осы аталған екі хадистен біз туыстық қарым-қаты­нас­ты үзген адамның бұл өмір тұрмақ арғы әлемде де жақсылыққа жетпесін аңғарамыз. «Ағайын тату болса – ас көп», – деп мәтелдеп отыратын қазы­н­а­лы қарт­тардың бүгінгі сынығы осы бір мә­тел мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сөзін жадына тұтса игі. Осынау жарық дүние бір-ақ рет бері­ле­тін­діктен, адам баласы туысы мен өмі­рін және жынысын өзі таңдап ал­май­тындықтан, Алла берген нығ­мет­ке қанағат етіп, жақынын жатқа айнал­дырып алмаудың қамын ой­лап, жән­натқа бастайтын жолға асық­са екен. Сөз төркінін әңгіменің әли­қис­са­сы­нан аңғаратын зерделі елдің зейінді ұрпағы зеңгір көктегі күндей ди­да­рын жарқыратып, туыс­тық пен ты­ныш­тықты ұранына ай­нал­дырғай.­

 

 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Бөлісу: