Дененің түк, тырнақ өсетін тұстарын, кір жиналатын және адамның көзі алғаш түсетін көз, мұрын, құлақ, тіс тазалығын сақтау әдеміліктің басы болып табылады.
Ислам – тазалық діні. Күнделікті намаздардың алдында таһарат алу рәсімі осының айғағы. Тазалыққа қатысты хадистердің бірінде: «Әлбетте, Алла Тағала көркем, көркемдікті сүйеді. Ол пәк, тазалықты сүйеді. Кеңшілік иесі, кеңдікті сүйеді. Өз айналаларыңызды таза ұстаңыздар», - делінген (Нәйлул Әутар, 1-том, 113-114-б.).
Дініміз хайыздан және босанғаннан кейін, сондай-ақ ерлі-зайыптылардың жұбайылық жақындасуларынан соң бастан аяқ толық жуынуды міндеттейді. Сол секілді Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) қолтық пен әурат тұсындағы түктерді қыруға, кіші және үлкен дәреттен кейін ас дәрет алуға шақырған насихаты аз емес. Солардың бірінде кіші дәреттен кейін зәр шыққан тұсты тазартпайтындығы үшін қабірде азап тартып жатқан адам туралы айтылады. (Әл-Бұхари, Мүслім ж.б. имамдар риуаят еткен).
Ал, шаш күтімі, оның маңызы жайындағы хадисте: Егер сіздердің біріңіз әйелге құда түсе келсе, оның әдемілігі жайында сұрағанындай, оның шашы жайында да сұрасын. Әлбетте, шаш әдеміліктің бірі», - делінген (Муснаду Әл-Фирдаус).
Алланың елшісінің құзырына шашы тарау көрмеген ұйпа-тұйпа, сақалы ебедейсіз өскен бір кісі келіп кіреді. Сонда пайғамбар (с.а.с.): «Бұл кісіде шашын жатқызатын май жоқ па»? – деп сұрайды (Әт-Тирмизи, Ибн Хиббан). Және бір хадисте шашты күту, оны майлауды өсиет етеді. Алайда жүніптік халден және хайыз, нифастан тазалану үшін жуынар алдында шашқа жағылған майды кетіру уәжіп дегенді имамдардың көбі мақұлдайды. Өйткені май қалың жағылған жағдайда шаштың түбіне судың баруына кедергі болады. Сондай-ақ, ағын жасыру үшін шашты бояудың еш айыбы жоқ. Дінде ол мәкруһ делінбеген, керісінше талап етілген. Шаш бояу тек әйелдерге ғана емес, Ибн Әл-Жаузи секілді дін ғалымдарының пікірінше ерлерге де рұқсат. Әсіресе, бұл әр түрлі себептен шашы ерте ағарған жас жігіттерге аса қолайлы.
Иіс су, әтір қолдану мұстахаб, яғни құптарлық іс. Адам баласы оны ықылым заманнан бері қолданып келеді. Иіс су жағыну медицина тұрғысынан алғанда да дұрысқа саналады. Айша анамыз Алланың елшісінің (с.а.с.) иіс суды өте жақсы көргендігін айта келіп: «Бір күні Алланың елшісіне (с.а.с.) жүннен шапан тігіп бердім. Оны киіп жүріп терлеген кезде одан жүннің исі шыққан соң дереу шешті. Өйткені ол иіс су исін тәуір көретін еді», - дейді. (Әл-Ихия, 2-том, 318-б.).
Пайғамбарымыз жағымды иіс тарайтын иіс суды, әсіресе адам көп жиналған жерлерге, жұма намазына барғанда жағуды өсиет еткен. Бір хадис: «Сіздердің дүниеңізден маған ұнайтыны әтір мен әйел..», - делінген мағынада айтылған. Хазіреті Әли Ибн Талиб пайғамбардың қызы Фатимаға құда түсіп, қалың малын әкелген уақытта Алланың елшісі ол ақшадан керегінше алып Биләл Хабашиді: «Мынаған бізге әтір сатып әкел», - деп жұмсаған (Ахмад Әнас Ибн Мәликтен риуаят еткен. Әл Мауаһибу Әл-ләдуния, 1-т. 89-б.).
Ержан қажы Малғажыұлы. «Ислам жанұясы»