Ислам дінінде үйленіп үй болу – үлкен сауапты іс.
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Араларыңдағы бойдақтарды үйлендіріңдер және құлдарың мен күңдеріңнің салиқалыларын да үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса, Алла өзінің кеңшілігінен байытады. Алла өте кең, барлық нәрсені білуші»[1], - дей келе үйлену ісінің Аллаға ұнамды екендігін білдірген. Пайғамбарымыз (с.а.у.) да бірнеше хадисінде үйленудің сауапты іс, ал себепсіз үйленбей жүрудің әбес іс екендігін айтқан. Ол (с.а.у.) өзінің бір сөзінде: «Кім үйленуге шамасы келе тұра үйленбесе, ол менен емес» - дейді[2].
Ендігі жерде қай күні және қай сәтте неке қиған абзалырақ? - дегенге келсек, ескілікті ғалымдарымыз «некені жұманың кешінде қиған абзалырақ» деген. Шариғатта күндер бір күн бұрын күн батысымен басталатындықтан, ескілікті дін ғалымдарының «жұманың кеші» деген сөзі – біздің күнтізбе бойынша "бейсенбінің кешіне" тура келеді. Сондықтан да, біздің күнтізбемен айтқанда «бейсенбінің кешінде немесе бейсенбінің жұмаға қараған түні» неке қиған абзалырақ болмақ.
Бұнымен қатар, некені сәрсенбінің сәтті күні күндіз қиған да жақсы. Өйткені бір риуаятта: «Сәрсенбі күні не нәрсені істеп бастаса да, онысы аяқсыз қалмайды» - делінеді.
Әйткенмен, бұл айтқандарымыз аталмыш күндері ғана неке қиылу керек дегенді білдірмейді. Аптаның қай күні және қай сәтінде неке қиса да онысы қате емес. Неке саналады. Бастысы неке талаптары табылса болғаны.
Ең дұрысы – Аллаға мәлім!
[1] Құран Кәрім, «Нұр» сүресі, 32 аят.
[2] Имам Табарани: «әл-Әусат», «әл-Кәбир». Мүрсәл хадис. Хасан.
материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,
ummet.kz