26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Бала тәрбиесі: Балаңызды ешкіммен салыстырмаңыз

Бала тәрбиесі: Балаңызды ешкіммен салыстырмаңыз

Исламдағы отбасы
Жарнама

Баланың ашуын келтіретін тағы бір нәрсе ол – оны басқалармен салыстыру.

Балалармен бірге олардың әке-шешелері жайлы әңгімелесіп, олардың ойларын білмек болғандығымыз әлі есімде. Сонда бір оқушым тұрып былай деген еді:

– Білесіз бе, мен оларды қатты жақсы көрем. Бірақ, «Пәленшенің өзіңдей баласын қарашы» деп, салыстыратындарына жыным ұстайды! Бір мұғалім қызғаныш жайлы өз ойын былай бөліскен еді:

«Өкінішке орай, «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, адам өзіндегі нәрсенің қадірін білместен өзгенікіне қызығуға әуес. Көзіне басқаның қолындағы нәрсе артық, бағалы көрінеді де тұрады. Қолымыздағы нәрсені әбден уысымыздан шығарып, айрылып қалғаннан кейін барып, әттегенайлап «Қап!» деп сан ұрып өкініп жатамыз.

Бір педагогтың естелігі:

Мен өзімді ылғи да басқалардан ерекше санайтынмын. Алла басқалардан бөлек жаратқан деп ойлайтындықтан, өзімді ылғи да ерекше сезінетінмін. Жаратылысымнан өзіме ғана тән ерекшеліктерім бар екендігін еске алып мені бөгде біреулермен салыстырғанды тегі жаным сүймейтін. Мені «мен болғандығым» үшін жақсы көрулерін қалайтынмын. Кішкене кезімнен бері осы жайт маған түрпідей тиетін. «Шешемнің ең жақсы баласы – ол менмін» деп, ойлайтынмын. Бірақ, неге екенін қайдам, әйтеуір маған шешемнің көңілі толмай-ақ қойды. Қашан көрсем мені біреулермен салыстырып жатқаны. Ой, жыным қозатын! Кішкене кезімнен-ақ, осы бір «өзімді одан да жақсы көрсетсем» деген нәрсе ойымнан кеткен емес. Қанша тырыстым да! Ақыр менің ешбір қылығым жақпаған соң маған тіпті жат қылықтарға бой алдырған кезім болды. Бірақ, басқа біреу жақсы екен деп, соның қылықтарын қайталаған қандай жаман?! Өзім басымнан бұндай жайтты бір кісідей-ақ өткергендіктен, енді ондай нәрсені балаларымда болдырмауға, ешкіммен салыстырмауға көбірек көңіл бөлудемін».

Бірде баламның сабақтан алған бағасын қарап отырып, байқаусызда достарының да қанша алғанын сұраймын деп бәлеге қалғаным бар. Балам, сірә, өзін басқалармен салыстырайын деп жатыр деп ойлап қалса керек: – Немене осы бірдеңе болса, елдің балаларын сұрай жөнелесіз? Менен жақсырақ баға алған күннің өзінде не істемексіз? – дегенінде, не дерімді білмей қалған едім.

Мен бұдан кейін баламның өзін басқа достарымен салыстырғанды ұнатпайтындығын жақсы ұғындым. Негізі, оны басқалармен салыстыратын ойым болмаған еді, тек қана жолдастарының қандай баға алғандықтарын ғана білгім келіп еді. Алайда балам өзі іштей бұны салыстыру деп қабылдаса керек, ашуға басқаны сол болатын. Ол салыстыру түгілі «салыстыруға ұқсас» нәрсенің өзін қабылдай алмайтын.

Мен бұдан кейін басқа балалардың қандай баға алғандықтарын сұрамауға тырыстым. Өйткені, мен оны тек балам болғандығы үшін жақсы көретінмін, әрі бұны оған айтып түсіндірдім.

Ата-аналар баласын басқа балалармен салыстырмай, әр баланы жеке қасиеттерге ие өзінше бір әлем ретінде қабылдағаны дұрыс. Салыстырулар қызғаныш тудырады.

«Тазарақ киінетіндіктен, сенен гөрі ініңді көбірек жақсы көрем», я болмаса «Оның бағалары сенікіне қарағанда жақсырақ» деген секілді салыстырулар балада қызғаныш сезімін оятады. Салыстырудың орнына баладан қандай іс-әрекеттер күтетіндігімізді сездіріп, білдіруіміз керек.

Бір үйдегі бауырлардың арасында талас-тартыс бола қалған жағдайда бір жаққа ғана көпе-көрнеу болысып бұра тартпау керек. Әсіресе, қыз-ұл, үлкен-кіші деп бөліп-жармаған жөн.

материал «Балам жақсы болсын десеңіз...» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: