Ел арасында: үш қыз өсірген әке жәннатқа кіреді, – деген сөз бар. Бұл шариғатымыздан бастау алатын сөз.
Десе де, ұлды аңсап «Жаңыл, Ұлту, Ұлболсын» деп қыздарының есімін қойып жатады. Табиғин ғұлама Хасан Басри (Алла оған разы болсын): «Қыз – жақсылық, ұл – нығмет. Жақсылық үшін сауап аласың, ал нығмет үшін есеп бересің», – деген екен. Қазақта: қызың қалса – ізің қалғаны, ұлың қалса – өзіңнің қалғаның, – деген нақыл бар. Сахаба Ұқба бин Амирден (Алла оған разы болсын): «Қыздарды жеккөрмеңдер, олар бауырмал әрі қымбат», – деген хадис жеткен. Хадис Ахмад бин Ханбалдың «Муснад» кітабында келтірілген. Қыз әкеге жақын, әрі жанашыр. Аға-інісіне деген бауырмалдығы да мәлім. Перзент сүйіп ана болған сәттен бар мейірімін бала-шағасына төгеді. Қыз – мейірімділік кені іспетті. Хадистегі «әрі қымбат» деуі қыз тәрбиелеудің сауабы мол екенін білдіреді. Тағы бір мағынасы, қыз – жұпар иісті болады. Араб халқында қымбат деп ең сапалы иіс суды айтады.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) 35 жасында төртінші қызы дүниеге келді. Естігенде қатты қуанады. Мұны жақсылыққа балап, Фатима деп әжесінің есімін береді. Кенже қызы Фатиманы – Заһра, яғни Гүлім деп еркелететін. Мінезі, жүрістұрысы әкесіне қатты ұқсайтын. Қызы Фатима кіріп келсе әкесі Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) орнынан тұрып қарсы алатын. Қолынан ұстап, маңдайынан сүйетін. Өзінің орнына отырғызатын. Фатима да әкесі үйіне келсе, тұрып қарсы алатын, қолынан ұстап, сүйетін және өзі отырған жерден орын беретін. Міне, бұл әке мен қыздың арасындағы мейірім мен сүйіспеншілік. Хадис ғалымы Яқұп бин Бұхтан былай дейді: «Менің жеті қызым бар. Әр қызым туғанда еңсем түсетін. Ахмад бин Ханбал: Ей, Яқұп! Пайғамбарлар да қыздардың әкесі болған», – деп құттықтап көңілімді көтеріп кететін, – дейді. Қасиетті Құрандағы: «…Кімге қаласа қыз сыйлайды, кімге қаласа ұлдар береді» («Шура» сүресі, 49-аят), – аятына қатысты, ғалымы Әлуси «Рух-Мағани» тәпсір еңбегінде: «Кісі балашағасына бір нәрсе берсе, ең әуелі қызынан бастағаны құп саналады», – деген. Мұса (ғ.с.) пайғамбардың қиссасында Мұса (ғ.с.) Шұғайып ауылына бас сауғалап барады. Ақсақал жас жігітке жалшы болып жұмыс істеуді ұсынады. Осылайша, он жылға жуық Мұса (ғ.с.) пайғамбар қой баққан. Бұл оқиғаның мың хикметінің бірі, Алла Тағала қыздардың әкесіне осылайша құрмет көрсеткен деседі.
Исламға дейін араб қоғамында қыз тағдыры өте ауыр болатын. Бұл теріс салтты Құран Кәрімде: «Егер, олардың біреуі қызбен сүйіншіленсе (әйелінің қыз тапқанын естісе), оны ашу қысып, беті қап-қара болып түнереді», – деп суреттейді. Қыз маңдайындағы бұл қасірет тек араб қоғамында болмады. Басқа халықтарда да әйел тағдыры жан төзгісіз күйде еді. Әйелге теңдік бермек болған кешегі кеңестік қоғам «әйел еркекпен тең» деп нәзікжандылардың табиғатымен санаспай, ауыр жұмысқа жегіп жіберді. Ғұламалардың айтуынша: «Қызға төрт ер азамат жауапты. Әкесі, ағасы мен інісі және күйеуі». Бұл шариғаттың қамқорлығы. Дініміз бен дәстүріміздегі әйелдің теңдігі мінсіз. Әбу Сағид Худри (Алла оған разы болсын) риуаяты еткен хадисте: «Кімнің үш қызы болып, оларды тәрбиелеп тұрмысқа берсе, әрі жақсылығын тоқтатпаса, оның жәннаты бар», – делінген. Бұл риуаят Әбу Дауд еңбегінде. Хадис үш қыздың әкесіне қатысты. Оларға қамқорлығы мен жылуын сыйлап, лайықты дәрежеде тәрбие берсе, бойжеткен уақытында теңіне ұзатса, мұнан кейін де қызының хал-жағдайына алаңдап жүрсе, ол әке жәннаттық.
Шағби (Алла оған разы болсын) қызды жаман жерге ұзату қиянат екендігін айтып: «Кім қызын пасыққа тұрмысқа берсе, қызымен (ата-аналық) қатынасын үзгені», – деп кесіп айтқан. Қазақ «қыз қонақ, жат жұрттық» деп жатады. Қыз бой жеткен соң, тұрмыс құрып бөтен үйдің түтінін түтетері анық. Қыздың құтты жерге қонып, бағы ашылуы үшін ата-ана жауапты. Сонымен қатар, әпкеқарындасына қамқор болған азаматқа да осы жақсылық бұйырады. Өйткені қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Қызы бетімен кеткен ұлттың болашағы бұлыңғыр. Қара көз қарындастарымыз темекіні будақтатып, ешбір қысылмай орысшалап былатып сөздер айтып тұрғанын еріксіз естігенде басыңа қойып қалғандай күй кешесің. Әке қызын тәрбиелейді, ал қыз тұтастай ұлтты тәрбиелейді деген нақыл бар.
Хасан Басриден (Алла оған разы болсын): «Менің қызымды айттырып келушілер көбейді. Кімге тұрмысқа бергенім жөн? – деп ақыл сұрап келеді. Ғұлама: «Алладан қорқатын жігітке тұрмысқа бер. Ондай жігіт қызыңды жақсы көріп тұрса қадірлеп, сыйлайды. Ал ашуланса қызыңды ренжітпейді» – деп кеңес берген екен. Айша (Алла оған разы болсын) анамыз: «Неке – тәуелділік. Қыздарыңды қайда ұзатып жатқандарына қараңдар (яғни мән беріңдер)», – деген. Ұлттық идеологияда қыз тәрбиесі мен ана мәртебесі маңызды мәселелердің бірі. Қазақта: «Дау қарындастан», «Жесір дауы» деген мәселелер, әйелдің тағдырына ерекше көңіл бөлгенін білдірсе керек. Бала бағып отырған аналарға айлық тағайындау қажет. Бұдан мемлекет ұтпаса ұтылмайды.
материал «Үйленбей тұрып үйрен» кітабынан алынды,
ummet.kz