26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Балаңыздың өтірігін қалай тыясыз?

Балаңыздың өтірігін қалай тыясыз?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Балам өтірік айтпасын деген ата-ана үнемі айтқан сөзінде тұруы керек. Егер қандай да бір жағдайда уәдеңізді орындай алмай қалсаңыз, балаңызға не себепті олай болғанын түсіндіріңіз.

Егер балаңызға өзіңіз өтірік айтып қойған болсаңыз, артынша мойындап, не себепті өтірік айтқаныңызды айтыңыз.

Баладан ештеңе жасырмай, онымен үлкендерше саналы түрде сөйлесіңіз. Керек болса, ақыл-кеңес сұраңыз.

Бала шынын айтқанда оны барынша қолпаштап, қошеметтеп  отырыңыз. Ол шыншыл адамның құрметті әрі сыйлы болатынын сезінуі керек.

Балаңызға көп талап қоймаңыз және одан өзінің шама-шарқынан тыс нәрселерді күтпеңіз. Себебі, жаза қатаң болған сайын, бала жазаланудан қашу үшін өтірікті қорғану әдісі ретінде қолданады.

Өтірік айтса да балаңызды жақсы көретініңізді, оның жаман бала емес екенін үнемі есіне салып отырыңыз. 

Балаңыз екеуіңіз ойнап отырып бір ыдысты сындырып алдыңыз дейік. Мұндай кезде «Біз анамыздың сүйікті ыдысын сындырып алдық, біз оны алдамайық, біз оған «сындырып алдық» шынымызды айтайық, анамыз бізді кешіреді» деңіз. Сол кезде бала өтірікке емес, кінәсін мойындауға бейімделе бастайды.

Балаңызға көмектесуге дайын тұрыңыз. Мысалы, егер балаңыз шайын немесе алдындағы асын төгіп алса, бірден айғайламаңыз. Сіз айғайласаңыз, бала өзін жайсыз сезініп ақталуға тырысады. Өтірік айта бастайды. Сондықтан керісінше «Екеуміз бірге сүртіп алайық, келесі жолы абай бол» деп ескертіп, ақылмен айтатын болсаңыз, балаға да сізге де жеңіл болады.

Бала болған соң ол қателік жасамай тұрмайды. Сондықтан жағдайды тым шиеленістіріп жіберудің қажеті жоқ. Бұзып алды ма – құрастырсын, төгіп алды ма – сүртсін. Сындырып тастады ма – жинап алсын. Осындай ғана қарапайым талап қоя біліңіз. Сонда бала сылтау іздеп құтылуға емес, қатесін түзетуге асығып тұратын болады.

Даусыңызды бәсеңдетсеңіз, оған жанашырлықпен қарасаңыз, жағдайына кіріп, түсінуге тырыссаңыз, бала ата-анасының өзіне жақтасатынын, ең жақын адамдары екенін сезініп, олардан қорықпай, жасқанбай үнемі шындықты айтатын болады.

материал «Балам жақсы болсын десеңіз» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: