Сіздің үйіңізде «Әркім өз орнына, өз төсегіне жатуы керек» деген міндетті түрде бұлжымас қағида болғаны жөн. Егер, алда-жалда бұл қағиданың орнығуы қиынға соқтырып жатса, өз-өзіңізді күштеңіз.
Өйткені, баланың әке-шешесімен қатар жатуы тәрбиелік тұрғыдан дұрыс емес. Егер сол уақытқа дейін бірге жатып келген болса, онда енді жатуға болмайтындығын жайлап түсіндіріңіз. Әрине, балаңыз әлі бөлек жатуға үйренбегендіктен, алғашқыда сіздің айтқандарыңызға көне қоюы қиын. Есікті ұрады, жылайды, түн ортасында шу шығарады, бір нәрсені бүлдіреді, бірақ сіз сонда да алған бетіңізден қайтпаңыз.
Түн ортасында көршілерді ояттық-ау деп те қысылмаңыз. Не де болса баланы өз төсегіне жатуға дағдыландырыңыз. Бастапқыда бірнеше түн ұйқыңыз бөлініп, мазаңыз қашқанмен, бала үйренгеннен бастап, жайлы түн құшағында алаңсыз ұйықтайтын боласыз. Егер бала бірге жатуға әке-шешесінен біреуінің болса да өзін жақтайтындығын сезіп қалса, онда бітті дей беріңіз. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, ондайда баланың тез көне қоюы екіталай. Сондықтан, мәселе күрделеніп кетпес үшін бұл істі жүзеге асырмай тұрып, әкешешенің бір-бірімен алдын ала жақсы ақылдасып, бір сөзді болғаны дұрыс.
Баламыздың неліктен арнайы жату уақыты болғаны жөн?
Баланың пайдасына:
1. Кішкене кезінен реттілікке дағдыланып әрі оны жалғастырады;
2. Бәрін істей беруге болады екен демей, белгілі шектің де болатындығын ұғынады;
3. Ұйқысынан ажырайды. Мектеп тәртібіне тез үйренуіне де пайдасы тиеді. Көптеген мұғалімдер балалардан шаршау байқайтындықтарын айтып шағымданады. Бастауышқа барған бала күні бойы шаршап келетін болғандықтан, белгілі сағатта ерте жатып үйренгені де дұрыс. Сіздің пайдаңызға: Күні бойы жұмыспен шаршап жүргендіктен, кешкі уақыттарда сіздің де бала-шағадан тыс өз жұбайыңызбен оңашалануға толықтай құқыңыз бар. Әйеліңізбен жарасымды ара-қатынасыңызды үзбес үшін де бұл аса қажет болып табылады.
материал «Балам жақсы болсын десеңіз» кітабынан алынды,
ummet.kz