26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Сүннетке сай жұп болудың мәні қандай?

Сүннетке сай жұп болудың мәні қандай?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Ақ неке қиып, үй болу – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаһу ғәлейһи уәсәллам) сүннеті, үйленуге шамасы жеткендер үшін дініміздің әмірі.

Бір хадис шәрифте: «Үйлену – менің сүннетім» [52, 1/295], – десе, басқа бір хадисте: «Үйленіңдер, көбейіңдер, мен сендердің көптіктеріңмен қиямет күні мақтанамын» (Ибн Мәжжа, 70 Никах, 1) деп, бойдақтарды үй болуға шақырған. Бірде Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғәлейһи уәсәллам) сахабаларын дүние-мүлікке беріліп кетуден сақтандырып отырған кезде, хазреті Омар (Алла ол кісіден разы болсын): «Сонда өмірде алуға не лайық?» – деп сұрайды. Алла елшісі (саллаллаһу ғәлейһи уәсәллам): «Зікір айтатын тілі, шүкіршілік ететін ділі бар, ақырет үшін сендерге жәрдемші болатын салиқалы әйелге некеленіңдер» (Ибн Мәжжа, Никах, 5) – деп үлкендерге құрмет көрсетіп, ерін сыйлайтын, кішілерге мейіріммен қарайтын иманды, ибалы әйелдердің өмірде орны ерекше екенін атап өткенін көреміз.

Сүннет – дініміздің негізгі тірегінің бірі. Біз кейде сүннет ұғымын кішкене баланың шөметайының ұшын кесумен шектеп жатамыз. Иә, баланы сүннетке отырғызу да – сүннет. Бірақ сүннеттің толық мағынасы бүкіл болмысымыз Құранның әміріне сай, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу ғәлейһи уәсәллам) өнегесіне лайық өмір сүру мағынасында. Мысалы: Оң жағымызбен жату, тамақты оң қолымызбен жеу, үй болып шаңырақ көтеру т.б. Әрбір амалды сүннетке сай орындау Алланың мейіріміне бөлейтін, сауабы мол құлшылық болып табылады. Міне, осы тұрғыдан сүннетке сай отбасы болуды үш түрлі негізе бөліп қарастыруға болады.

Біріншісі, имани тәрбие көрген, артынан дұға ететін салихалы ұрпақ қалдыру. Салихалы баласының қылған құлшылығы, істеген сауапты істерінің сауабы әкешешесіне тірі кезіндегідей, өлгеннен кейін де үзілмей барып тұрады. Әбу Һурайра (Алла одан разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғәлейһи уәсәллам): «Адам баласы дүниеден өткен соң амал дәптері жабылады. Бірақ, үш ісінің сауабы үзілмейді. Олар: садақа жәрия (сауапты іс), басқаларға жеткізген пайдалы білім, артынан дұға ететін салихал ұрпақ» (Мүслим, Уасия, 1631) деген. Ал ұрпағына имани тәрбие бермеген ата-ана, керісінше, күнә арқалап, қияметте ауыр сұрақ-жауапқа тартылады.

Екіншісі, балиғат жасына толмай, сәби кезінде қайтыс болған бала. Бұл дүниеде ата-анасының мейірім құшағына қана алмаған бала, ақыретте қатты жылайды екен. Сонда Алла Тағала: «Періштелеріне бұл бала не үшін жылап жатыр?» – дейді. Баланы уата алмаған періштелер: «Әке-шешесі күнәкар еді. Ал бұл балалар болса, әке-шешесіне барғысы келеді» – дейді. Әділетті де, мейірімді Алла бейкүнә балаларды ата-анасымен бірге азаптамайтыны анық. Балалар болса, әке-шешесінің алдынан шығып, етегіне жабысатыны, Алла оларды жәннәтқа кіргізбейінше жібермейтіні жайлы риуаяттар келген [55, 3/2364 б.]. Соның бірі Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғәлейһи уәсәллам): «Алла балиғат жасына жетпей үш баласы шетінеген әр мұсылманды, балаларға болған мейірім, рахымымен жәннатқа кіргізеді» (Бухари, жаназа 6.) десе, басқа бір риуаятта: «Екі баласы шетінеген адам» – деген. Яғни, баласының өліміне сабыр еткен адам үшін бір баласы шетінесе де, Алланың қалауымен шапағатшы болады екен. Риуаяттарда келген «Әулад» сөзі ұл немесе қыз балағаортақ атау екендігін ескерер болсақ, кішкентай кезінде шетінеген қандайда бір баласына сабыр еткен ата-анасы үшін Алланың қалауымен шапағатшы болмақ.

Белгілі бір ауыру немесе қатты қимыл-әрекет жасау себепті, іштегі нәресте түсіп қалған жағдайда, түсікке ат қойса, қияметте Алланың қалауымен ол да шапағатшы болатыны туралы: «Түсік балаларға ат қойыңыздар. Өйткені, Алла ат қойылған баламен таразының сауап жағын ауырлатады. Болмаса ол бала қиямет күні келіп, былай дейді: «Уа, Алла Тағалам! Бұлар маған ат қоймады. Мен арқылы алатын сауаптарынан құр алақан қалды – дейді» [55, 3/1075 б.] делінген. Ал кішкентай кезінде шетінеген баласы үшін Аллаға тіл тигізіп, сабырлық танытпаған ата-ана күнәкар болып, бұл кеңшілікке қауыша алмайтынын да білген жөн.

Үшіншісі, бұл дүниеде бала нәсіп болмаған, бірақ баланың аманат екенін біліп сабыр еткен тақуалар үшін Алланың мол сыйы барын ұмытпау керек. Алланың қалауымен ол дүниеде баласы болып, сол баланың шапағатшы болатындығы жайлы Алла елшісі (саллаллаһу ғәлейһи уәсәллам): «Бақшаның қасындағы ұзын адам Ибраһим (ғәлейс сәлам). Оның айналасында балалар болады. Бүкіл балалар мұсылман халде жан тапсырады», – дейді. Сонда сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Мүшіріктердің балалары ше?», – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғәлейһи уәсәллам): «Мүшіріктердің балалары да.....» (Бухари, бабур-руья, 7047.) деген. Бұл хадисты кейбір ғұламалар, қиямет күні баласыздар баласыз, ата-анасыз балалар да ата-анасыз қалмайды деп жорамалдаған. Өмір бойы бір шаңырақтың астында сыйластықпен, өмірдің ыстығы мен суығын бірге көріп, адал кәсіп еткендердің ақыретте суапсыз, нәтижесіз қалуы мүмкін емес. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу ғәлейһи уәсәллам) сүннетіне сай үй болудың сыры да сол болса керек.

Дана халқымыз, ер жігіттің үш жұрты бар: «Өз жұрты, нағашы жұртыжәне қайын жұрты бар» деп, ел билейтін ер азаматтың өрісін кеңейтіп, халық бірлігін сақтауды мұрат етеді. Ал, қандайда бір екі ел арасында ұрыс-керіс, шешілмеген даулы мәселе бола қалса қыз берісіп, «Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық»деу арқылы қыз бен жігіттің үй болуын береке-бірліктің ұйтқысы деп біледі. Яғни, діни талаптар мен атабаба дәстүріне лайық шаңырақ көтеріп, өнегелі отбасы болудың мәні терең, мағыналы іс екендігін көреміз.

материал «Үкім аяттардың тәпсірі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: