27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Отбасылық тірліктің құлшылыққа тән ритуалдары

Отбасылық тірліктің құлшылыққа тән ритуалдары

Исламдағы отбасы
Жарнама

Отбасылық тірліктің құлшылыққа тән ритуалдары бар. Кез келген ғибадатты, құлшылықты орындау үшін аз-кем ауыртпашылыққа төзуге тура келеді. Үйлену – діннің әмірі, Алланың бұйрығы, пайғамбарлардың сүннеті; олай болса шаңырақ көтеру де ғибадатқа барабар.

Мәселен, намаз оқу үшін таңмен таласа ерте тұру, ұйқы басып денең ауыр тартып тұрса да намазды уақытында оқу, суық күнде суық сумен жуыну, яғни айтылатын шайтанның үш түйінін шешуге тура келеді. Ораза десеңіз, әсіресе шіліңгір ыстықта, нәпсіге құлақ қойсаң, ол да қиын. Бір сөзбен айтқанда, кез келген құлшылықты орындау үшін белгілі ауыртпалықтарға төзуге тура келеді.

Отбасылық тірлікте де құдды құлшылықтағы сияқты ауырпалықтарды жеңу керек. Ыдыс-аяқтың сылдырайтыны да солауыртпашылықтардан. Алла тағала мүминдерді оқтын-оқтын иманды жаңалап/тазалап тұруға шақырады. Дүниелікке беріліп, құлшылыққа деген ықылас азайғанда, ықсан сезіміне ұмтылыс үшін имани сұхбаттар тыңдау, Құранды түсіндірмесінен оқып тұшынуға тырысу, күнделікті белгілі зікірлер-дұғаларды қайталау иманды жаңалауға, тазалауға көмектеседі. Иманды жаңалау/тазарту – уақыт өткен сайын имани іліміңізді арттырып, айналаңыздан/табиғаттан/оқиғалардан/ кез келген жайттан Алланы тану/Алланы көру, ықсанға жетуге ұмтылу, әрбір қадамымызды Жаратушы көріп тұрғандай әрекет жасау деген сөз.

Дәл осы сияқты ерлі-зайыптылардың некені жаңалап/тазалап тұрғаны абзал. Некені тазарту дегеніміз – некенің хақиқатын түйсіну, отбасын құрудың мәніне үңілу, шаңырақтың шындығын есте ұстап жүру, бір сөзбен айтқанда, отаудың екі дүниедегі бақытын Құран мен сүннеттен іздеу. Бұл ақиқат ұмытылғанда, бір кездегі бал айының орнын өмірі бітпейтін зәрлі айлар басады. Ерлі-зайыптылардың сүйіспеншілігі, жылы лебіздері, қолдап-қорғауы, бірінсіз-бірі бола алмайтынын түйсінуі дегенде Пайғамбарымыздың мына бір хадисі ойға оралады: «Некелі ерлі-зайыптылар бір-бірінің қолын махаббатпен қысатын болса, Алла періштелерін олардың шаңырағына рақымдылық жасауға жолдайды» деген. Қалыңдық-күйеу болып жүрген сәттердегі ынтықтық уақыт өте келе ескіретіні шындық. Сондықтан ерлі-зайыптылар арасындағы ынтықтық, құмарлық пен жылы сезімді уақыт пен тәжірибенің байсалдылығы арқылы арттырған мақұл. Пенденің дүниелік сезімін қанағаттандыру үшін кішігірім отбасылық мереке ұйымдастыру, сыйлық, тосынсый, саяхат т.с.с. некені тазалауға сеп болады.

Шаңырақ көтеру – құлшылыққа барабар; өйткені әу бастан Алланың бұйрығы, пайғамбардың/пайғамбарлардың сүннеті екенін біліп, қабылдап, сол жолдан айнымауға уәде беріп отбасын құрамыз. Сондықтан еркек те, әйел де отбасының ауыртпашылықтарына құлшылық деп қарап сабырлылық танытқаны абзал.

Қазақы дәстүрде ер жігіт біреудің мәпелеп отырған қызын әйелдікке алғанда көзінің қарашығындай қарауға сөз берсе, қыз да ата-анасының насихатымен барған жеріне тастай батып, судай сіңу керектігін түйіп қадам басады. Осы орайда атақты Бауыржан атамыздың келіні Зейнеп апаның басынан өткен мына бір әңгімеге құлақ түрсек.

...Бақытжан екеуміздің некеміз қиылып, шаңырақ көтергенімізге жылдан жаңа асқан кез еді. Жас жұбайлардың ыстық-суығыбасылмаған мерзім деуге болатындай уақыт. Осы аралықта менің анық байқағаным, қыз бен жігіт болып кездескендегі ара қатынас бір бөлек екен де, үй болып үйлесу мүлде басқа екен.

Ата-ананы, туған-туысты қуанышқа бөлеп, думандатып, дүркіреп той өтеді. Қонақ тарқайды. Енді кәдімгі қарапайым күнделікті тіршілк басталғанда жас жұбайлар бірін-бірі бар болмысымен жақынннан танып, басқа қырынан көріп сүйсінуі немесе өкінуі ғажап емес. Мінез-құлықтағы бұрын байқалмаған, байқалса да майда-шүйде деп еленбеген әдет-дағдыдағы көңілге томпақ келер тұстар көріне бастайды екен. Олардың бойындағы сәйкессіздік, көзқарастарындағы үйлеспеушілік салдары – жас жұбайлар үшін нағыз ұрымтал да қауіпті мерзім осы ма деймін. Әсіресе біз секілді біреуі – сорок, біреуі – қырық дейтін тау мен баудай екі адамның жіксіз жымдасып, бір бүтінге айналуы деген ащы теріңді талай төккізіп, төзім мен түсінісуді қажет ететін үлкен белес екен.

материал «Отбасы – дүниедегі жұмақ» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: