27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Екі дүниелік жолдасыма хат

Екі дүниелік жолдасыма хат

Исламдағы отбасы
Жарнама

Шындығына келгенде, қазіргі таңда біз отбасылық проблемаларға ата-бабаларымызға қарағанда әлдеқайда көбірек ұшырасып жатырмыз. Сонымен қатар оларды шешу жолында ауыз толтырып айтарлық нәтижелерге жете алмай жатқанымызды да мойындау керек.

Біз бұл ащы шындыққа сенгіміз келмесе де, ажырасу, депрессия, суицид сияқты оқиғалардың санының артуы, әлеуметтік қылмыстар мен зиянды әдеттердің көбеюі бізді бұл ақиқатты қабылдауға мәжбүрлейді. Отбасылық мәселелердің шешілмеуі біздің отбасымызға ғана емес ұрпағымызға да қауіп төндіреді және бұл қауіп, өкінішке орай, ұлтымыздың әлеуметтік рөлі мен тарих сахнасахнасындағы орнын қатерге тігеді. Себебі тарихта шешуші рөл атқарып, жақсы із қалдырған барлық халықтар, өзінің отбасылық құндылықтарымен ерекшеленді әрі ұрпағын да отбасылық құндылыққа жауапты етіп тәрбиелеген.

Сиқырлы сөздер

Ежелде адамдар жұбайларын «өмірлік жолдасым» деп атаған, қазір де біз осы тіркесті қолданамыз. Негізі, біз жұбайымызға «өмірлік жолдасым» деп қараған кезде ғана бақытты бола аламыз. Бүгінде отбасылық кикілжіңдер жұбайлардың бір-біріне лайықты көзқараспен қарай алмауы салдарынан орын алуда. Сонымен қатар, «өмірлік жолдас» ұғымының негізі жұбайлардың жай ғана сөз жүзінде емес, іс жүзінде де өмірлік жолдас, серік болуында жатыр.

Бір-бірімен тығыз байланысты сезімдер

Жұбайымызға деген дұрыс көзқарас сөзбен ғана қалыптасатын нәрсе емес. Сөздер қарапайқарапайым қораптан жасалған үй іспетті. Ол бірінші соққан желден кейін-ақ қирай жөнеледі. Сондықтан үйдің ең берік материалдан салынуы маңызды, яғни жағымды эмоциялар мен мінез-құлықтан құралып, отбасылық өмірде кездесетін барлық мәселелерге төтеп бере алатындай мықты болуы керек. Сондықтан жұбайымызды «өмірлік серігім» деп атамас бұрын, бұл ұғымды ішкі эмоцияларға толтырып, мағынасын түсініп, мойындау арқылы жеткізу өте маңызды шарт болмақ. Некедегі ең маңызды сезімдер: сүйіспеншілік, құрмет, сенім, адалдық және жанкештілік. Бұл сезімдер арасында тығыз байланыс бар: сүйіспеншілік – құрметке, құрмет – сенімге, сенім – адалдыққа, ал адалдық болса – жанкештілікке апарады.

Осы сезімдердің ішіндегі жанға ең жағымдысы – махаббат пен сенім. Біреуі құрмет сезімін тудырса, екіншісі сол құрметпен қоректенеді. Осылайша екеуі де адалдық пен жанкештілікке ықпал етеді. Сүйіспеншілік пен сенім – адамдардың ең басты қажеттіліктерінің бірі. Адам нан, су, ауаға қалай мұқтаж болса, қадір-қасиет пен қауіпсіздік сезіміне де дәл солай мұқтаж. Адамның ішінде сенімділік пен қауіпсіздік сезімі жоғалған кезде, ол адамгершіліктен де айырылады. Сүйіспеншілік сезімі мен сенім адамды бағалағанда арта түседі, ал қорқыныш пен уайым басым болған жерде азаяды. Жұбайымыз аталмыш сезімдерге тап болған кезде: серіктестігіміз – некеге, жұбайымыз – досқа немесе жолдасқа айналады. Әйтпесе, тіккен отауымыз өміріміздің соңына дейін кәдімгі қауымдастық, ал өмірлік жарымыз оның бір мүшесі ғана болып қалады деген сөз.

Тіл мамандары «дос» сөзінің қайнар көзі жаумен бетпе-бет келген кезде «бір-біріне арқа сүйей алатын сенімді адам» деген мағынаға негізделген деген пікірде. Ал «жолдас» дегеніміз – адамдардың белгілі бір мақсатта серіктес екенін сипаттау үшін қолданылатын әдемі сөздердің бірі. Ендеше, дос пен жолдас – махаббат пен сенімге негізделген сөздер. Адамдар алыс сапарға өзі ұнатпайтын, көңіліне сенім ұялатпайтын адаммен шыққысы келмейді. Әрине, мұндай жолаушымен өмір атты сапарда бірге болу қауіпті, мейлі ол ештеңеге қарамастан бақыт пен жетістікке жету үшін құрылған болса да, бұл жұптың болашақта бақытты болуы екіталай.

Жар таңдаудағы маңызды критерийлер...

Досымыздың туған бауырымыздан бір ерекшелігі – оны таңдай алатынымызда. Достықты сақтаудағы маңызды мәселе: құрмет пен сенім білдіру. Ал өмірлік жар таңдауға келсек, жұбайымызға деген махаббатымыз бен сеніміміз қай деңгейде болуы керек? Бұл сұраққа жауап беруді сізге қалдырайын, себебі өз парасат-пайымыңызға сүйене отырып дұрыс жауапты табарсыз деген ойдамын.
Негізі, некенің мақсаты тек екі адамның бір-біріне деген сезімі ғана емес қой. Бойымыздағы мінезіміз бен сезімдерімізге сүйене отырып атқаруымыз қажет рөлдер мен міндеттер де бар. Демек, некенің іші жұбайымызға деген сезімдерден тұрса, сыртқы жағы осы сезімдер мен мінезіміз тудыратын әрекеттерден құралады.

Ерлі-зайыптылардың рөлдері

Ақ некесі қиылған соң ерлі-зайыптылардың екі түрлі рөлге жүгінетіні мәлім. Оның біріншісі – дос әрі жолдас жұбай болу, екіншісі – сүйікті жұбай болу. Неке – мінез-құлқы екі түрлі кісінің арасындағы тепе-теңдікке негізделген құрылым. Яғни, неке – тепе-теңдік орнату өнері. Бақытты некеде ерлі-зайыптылар бір-біріне дос және ғашық болумен ғана шектелмейді, сонымен қатар өмірлерінің әр қадамында оған сенім артып, қадамын нық басқысы келеді. Тұрлаулы махаббат, орынды реніш, тіпті орынды қызғаныш. Жұбайыңның әрі досы, әрі сүйіктісі болу жолында тепе-теңдікті сақтай білген адам – нағыз шебер адам. Көптеген кикілжіңдер осы рөлдердің біреуін, тіпті екеуін де дұрыс ойнай алмаған кезде туындайды. Бұл – жауапты міндетімізге немқұрайлы қарағанымыздың көрсеткіші. Көбінесе әйел баласы дос болуға бейім келсе, ер азаматтар сүйікті болуға ұмтылыс танытатыны жиі байқалады.

Отау құрған алғашқы кезеңде сезім басым болса, уақыт өте келе достық түсіністік әлдеқайда басымырақ болады. Некені тек ғашықтық сезіммен өлшеп, құрылған отауын тәнмен ғана байланыстыратын адамдарды некенің хикметін түсіне алмаған байғұстар деп атауға да болады. Себебі өмірлік жарыңмен жүретін жолдағы есте қаларлық ең жарқын сәттер онымен дос әрі жолдастық жақындық кезінде болуы мүмкін. Некенің негізгі бөлігі дос және жолдас болған сәттерге жинақталған әрі бұл уақытта жұбайлар физиологиялық қана емес, рухани сезімдерге де тәуелді болады. Басқаша айтқанда, қартайған сайын төмендейтін қасиет емес, керісінше, уақыт өткен сайын күшейетін достық пен жолдастық орнығады. Ендеше, некеде бір-бірімен дос бола алмаған адамдар – жақсы ғашықтар болуы мүмкін, бірақ оларды мінсіз отау иесі болды деп айтуға келмейді.

материал «Бақытты отбасының сыры» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: