28
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Құда түсудің мағынасы және үкімі

Құда түсудің мағынасы және үкімі

Исламдағы отбасы
Жарнама

Жігіттің қызға үйлену туралы тілек білдіруі «құда түсу» («хитба») деп аталады. Жігітті «құда түсуші», қызды «саушы келіп жатқан қыз» дейді.

Неке қиюдан бұрын құда түсу – сүннет. Себебі Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзі үшін де, өзгелер үшін де құда түскен. Құда түсіп, сөз салудағы мақсат – қыз бен әке-шешесінің пікірін білу әрі ол қыз бен үй-ішіндегілердің көзқарасын айқындау. Өйткені неке қиюдан бұрын екі жақтың келісімі болуы қажет. Пайғамбарымыз (с.а.с.) әйел адамның некесін рұқсатын алып қана қиюға бұйырған. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Жесір әйелдің келісімі, ал қыздың рұқсаты алынбайынша, неке қиылмайды», – деп айтты. Сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Қыздың рұқсаты қандай болады?» – деді. Алланың елшісі (с.а.с.): «Үндемеуі», – деді», – деген. Демек, жесір немесе ажырасқан әйелмен ашық сөйлесіп, уәлиі оның тұрмыс құруға деген көзқарасын анық білуі тиіс.

Ал қыздан неке қию үшін рұқсат сұралады. Қыз риза екендігін айтуы міндетті емес. Үндемегенінің өзі жеткілікті. Себебі қыз бала пікірін ашық айтуға ұялуы мүмкін. Айша анамыз (Алла оған разы болсын): «Уа, Алланың елшісі! Қыз бала ұялады ғой?» – дегенде, Пайғамбардың (с.а.с.): «Оның ризалығы – үндемегені», – дегені риуаят етілген. Алайда не себептен үндемегенін нақтылап анықтау қажет. Мұны уәлиі қыздың көңіл күйінен, қас-қабағынан байқайды.

Құдалық сөйлескенде міндетті түрде қыздың уәлиінің рұқсат, келісімі болуы шарт. Ғұламалардың көпшілігінің пікірінше, бұл некенің басты шарты болып табылады. Өйткені хадисте «уәлисіз неке қиылмайды» делінген. Көптеген ғұламалар уәлидің ризалығының шарт екендігіне, Алла Тағаланың уәлилерге (қамқоршыларға) қарата айтқан: «Қашан әйелдеріңді талақ етсеңдер және олардың иддасы аяқталса, онда (қамқоршылары) олар өзара игілікпен келіскен болса, ерлеріне қайтадан некеленуінен тыймаңдар...», – деген сөзін дәлел ретінде келтірген. Яғни талақ етілген әйелдің өз күйеуіне қайтадан қосылуына тыйым салмаңдар. Өйткені шариғат бойынша оның қайта қосылуына құқы бар. Имам Шафиғи (Алла оған рақым етсін): «Бұл аят – уәлидің қажеттілігіне айқын дәлел. Әйтпесе қамқоршылардың бұл іске тыйым салуының ешқандай мағынасы болмас еді», – деген. Ғұламалар арасында бұл мәселе төңірегінде әрқилы пікірлер қалыптасқан. Олар жайлы фиқһ кітаптарында кеңінен таратылып айтылған.

материал «Жұбайлар шаттығы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: