28
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Құран аяттары мен хадистердегі ата-ананың ақысы

Құран аяттары мен хадистердегі ата-ананың ақысы

Исламдағы отбасы
Жарнама

Адам баласын жаратып, оған сана мен ақыл беріп, Жаратқанға құл болу секілді ұлы жауапкершілікті жүктеген Алла тағала оны мына фәни дүниеде де ескерусіз қалдырмады.

Пайғамбарлары арқылы оларға тура жолды көрсетті. Адамзатты тура жолға бастауы үшін пайғамбарларының кейбіріне парақтар, кейбіреулеріне кітап жіберді. Соңғы пайғамбары Мұхаммед Мұстафаға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ақырғы кітап – қасиетті Құран кәрімді нәсіп етті.

Адамзатқа жіберілген осы соңғы қасиетті кітапта шексіз мейірім иесі Алла тағала ата-ананың ақысына ерекше назар аударған. Менің құзырыма ата-ана ақысын аяқ асты етіп емес, қайта олардың ризашылығына бөленіп, ақ батасын алып келіңдер деп бұйырған. Ал Ұлы Жаратушының ескерткен нәрселерін құрмет тұту – мұсылмандықтың белгісі.

Құран кәрімде ата-ананың ақысына ерекше мән берілгені секілді Пайғамбарымыздың да бұған барын-ша ден қойғанын оның хадистерінен нақты көруге болады. Бүкіл ғаламға рақым ретінде жіберілген ардақты Елші үмбетіне сөздері мен істері арқылы кез-келген мәселеде үлгі болған. Пайғамбарымыз түрлі себептерге қатысты ата-ананың ақысына ерекше назар аударып, ескерту мен талап-тілектерін айтып отырған.

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Аллаға деген сенім мен тәухид мәселесінен кейінгі ең көп көңіл бөлген мәселенің бірі – ата-ананың ақысы болатын. Ислам діні келмей тұрып қараңғы түнекте адасып жүрген адамдарға күннің көзін айқара ашып, жарыққа қарай бастаған Алланың ақырғы елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ата-ананы жаннаттың қақпасына һәм көлеңкесіне теңеген. Оларға жақсылық жасаудың қадір-қасиетін баяндаған. Үмбетін ата-ананы құрметтеуге шақырған. Төменде Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың хадистері негізінде осы екі абзал жанды қадір тұту жөніндегі мәселелер қозғалмақ.

Жаратқанға құлшылықтан кейінгі парыз

Барша адамзаттың жаратылу мақсұты – Алла тағаланы тану және Оған құлшылық жасау. Өмірдің ең басты ақиқаты осы. Құранда бұл ақиқат, яғни Алла тағаланы танып, Оған лайық түрде құлшылық ету жайлы баяндалған соң, ата-ананы сыйлап, оларға жақсылық жасау міндеті айтылады. Ұлы Жаратушы Иеміз адамдарға Өзіне құлшылық жасаумен қатар, ата-анаға құрмет көрсетуді бұйырады.

«Исра» сүресінің 23-аятында Алла тағала: «Раббың тек қана өзіне құлдық, ата-анаға жақсылық жасауды бұйырды», – деп, Алла тағалаға құлшылық жасау тәрізді ата-анаға жақсылық жасаудың да парыз екенін мәлімдейді.

Алла тағалаға құлшылық ету мен ата-анаға жақсылық жасаудың бір аятта, бірінен соң бірі баян-далуы – Алла тағаланың ата-ананы қадірлеуге қаншалықты мән беретінін көрсетеді. Әрі бұл аятта Алла тағалаға құлшылық пен ата-анаға жақсылық жасау арабшадағы «қада» етістігі арқылы берілген. «Қада» етістігінің мағынасы «нақты үкім берді, бұйырды» дегенді білдіреді. Демек, Алла тағалаға құлшылық жасау адамдар үшін нақты үкіммен бұйырылған парыз болса, ата-анаға жақсылық жасау да сондай маңызды парыздың бірі. Бұл аятта «нақты үкім берді» деген етістіктің қолданылуының да өзіндік сыры бар: Алла тағаланың алдында құлшылық жасамауға адамдардың айтатын ешқандай сылтауы жоқ. Себебі адам баласын жаратып, өміріндегі барлық нәрсені оған нәсіп еткен Алла тағала. Сондай-ақ, ата-ана ақысын аяқ астына таптауға да ешкімнің құқығы жоқ. Себебі адам болып жаратылған күннен бастап өмірінің соңына дейін оған жанашырлық танытатын осы абзал жандар. Сондықтан Алла тағала ата-ана ақысына қатысты да «нақты үкім бердім» дейді.

Аятта ата-анаға жасалатын жақсылық араб тіліндіге «ихсан» сөзімен берілген. Ихсан сөзінің мағынасы «ата-анаға құрмет көрсеткенде, қолғабыс жасағанда Алланы көріп тұрғандай шынайы әрекет ету» дегенді білдіреді. Сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.) осы аяттың «ата-анаға жақсылық жасауды бұйырды» деген бөлімін: «Ата-анаңның қасында киіміңді сілкілеп қақпа, себебі киіміңнен шыққан шаң-тозаң олардың мазасын алуы мүмкін», – деп тәпсірлейді. Осылайша ата-ананың көңіліне шаңның тозаңындай болсын кірбің түсіруге болмайтынын айтып, мәселенің қаншалықты жауапкершілікті қажет ететінін көрсетеді.

«Ниса» сүресінің 36-аятында да Алла тағала құлдарына: «Тек қана Аллаға ғибадат етіп, Оған еш нәрсені серік етіп қоспаңдар. Ата-анаға, туысқандарға, жетімдерге, кедейлерге, жақын көршілерге, алыс көршілерге, жол серігіңе, ғаріп пен жолаушыларға, қол астыңдағыларға да жақсы қарым-қатынаста бол. Алла тағала өзімшіл және мақтаншақтарды жақсы көрмейді» деу арқылы ата-анаға құрмет көрсетуді бұйырады. Аятта Алла тағала адамдарды бір-біріне жақсылық жасап, құрмет көрсетуге шақырады. Қоғамдық қатынастарда игілікті негіз етіп белгілейді де сол игіліктің төріне ата-ананы шығарады. Алла тағалаға ғибадат етіп, Оған серік қоспау әмірінен кейін бірінші орында ата-анаға құрмет көрсетілу керек екендігі баяндалады.

«Сендерге Алланың нені харам еткенін білдірейін. Оған (Аллаға) еш нәрсені серік қоспаңдар, ата-анаға жақсылық жасаңдар! Кедейліктен қорқып, балаларыңды өлтірмеңдер. Біз оларға да, сендерге де ризық береміз. Жасырын болсын, жария болсын, жамандыққа жуымаңдар. Нақақтан адам өлтірмеңдер. Ойлануларың үшін Алла сендерге осыларды өсиет етеді»13 деген аятта да ата-ана ақысы Алланың ақысынан кейін айтылады. Бұл аятта адам баласына жүктелетін екі ақы бірінен кейін бірі баяндалады. Алғашқысы – Алланың ақысы. Алланың ақысы дегенде ең бірінші ойға оралатыны – Оның жалғыз, дара екеніне сеніп, Оған ешқандай серік қоспау. Екіншісі – кісі ақысы. Ал кісі ақысында бірінші орында адам баласы үшін ата-ана алдындағы борышы тұрады. Осыған орай аятта ата-анаға жақсылық жасап, қайырлы ұрпақ болу міндеті дереу Алланың ақысынан кейін айтылған.

13 «Әнғам» сүресі, 151-аят.

Құран кәрімдегі келесі аятта Алла тағала Исраил ұрпақтарына да Өзіне құлшылық ету міндетінен кейін ата-анаға жақсылық жасауды бұйырғанын баяндайды: «Бір кездері Исраил ұрпақтарынан: «Алладан басқасына құлшылық қылмаңдар, ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар, жақындарыңа, жетімдерге, кедей-кепшіктерге қайырымды болыңдар, адамдарға жақсы сөздер айтыңдар, намаз оқыңдар, зекет беріңдер», – деп, уәделерін алған едік. Сол серттен көбің тайып кеттіңдер»14.

14 «Бақара» сүресі, 83-аят.

Демек, ата-анаға құрмет тек қана әзірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үмбетіне ғана емес, бізден бұрынғы пайғамбарлардың үмбеттеріне де өсиет етілген маңызды міндет екенін көреміз.

Сахаба Абдулла ибн Мәсғуд (р.а.) бір күні Пайғамбарымыздан: «Аллаға ең жағымды, ең сүйкімді нәрсе не?» – деп сұрағанда, Алла елшісі оған былай деп жауап қатады: «Кешіктірілмей, уақытында оқылған намаз». Сахаба әрі қарай сұрағын жалғастыра түседі: «Уа, Алланың Елшісі, ал одан кейінгі ең ізгі амал қайсысы?» дегенде, Алла расулы: «Ата-анаңа жақсылық жасау» – деп жауап қатады15.

15 Бұхари. Жиһад. 1; Әдеп, 1; Муслим, Иман, 137-140.

Мән беріп қарайтын болсақ, Құранда Алла тағала Өзіне құлшылықтан кейін ата-ананы қастерлеуді бұйырса, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) де Жаратушы Иенің үйретуімен ата-анаға жақсылық жасауды құлшылықтан кейінгі маңызды іс ретінде қарайды. Сондықтан хадистерде де Алла тағалаға құлшылықтан кейін ата-ана ақысы баяндалады.

Аллаға құлшылықтан кейін орындауымыз керек міндет ретінде айтылатындай бұл мәселенің қандай маңыздылығы бар? Бұл сұрақтың жауабын тәпсірші ғалымдар былай деп түсіндіреді:

1) Адамның дүниеге келуінде негізгі себеп – Аллаһ, жанама себеп – ата-ана.

2) Адам баласының материалдық және рухани жағынан өсіп, кемелденуі ең әуелі Алла тағаланың нығметтеріне тиесілі болса, одан кейінгі орында ата-ананың жанкештілігі, өздерін сол жолда пида етуге даяр сүйіспеншілігі тұрады. Себебі ата-ана – баланың жарық дүниеге келуінде дәнекер әрі оның өсіп-жетілуін мойнына алатын тәрбиеші. Басқа адамдар баланың тәрбиесіне үлес қосқанымен, оның дүниеге келуіне себеп бола алмайды. Басқалары баланың өсіп-жетілуіне қамқорлық жасағанымен, әке-шешесі секілді шыбын жанын шүберекке түйіп, бары мен жоғын оның жолына сарп ете алмайды.

3) Алла тағала құлдарына беретін нығметтері үшін ешқандай ақы талап етпейтіні секілді, ата-ана да баласының жолына төккен бар қажыр-қайраты, есіл еңбегі үшін түйірдей болсын ақы алуды ойламайды.

4) Алла тағала құлдарын күнәһар болса да нығметтеріне бөлегені секілді, ата-ана да баласының тілазарлығына қарамастан өмірінің соңына дейін жанашыры болып өтеді.

5) Алла тағала құлдарының жасаған жақсы-лықтарына Өзінің ұлықтығына тән сипатпен разы болып, сауабын молынан нәсіп ететіні секілді, ата-ана да баласының жетістігіне шын жүректен шаттанып, асқар шыңға қол жеткізуі үшін әрдайым демеп отырады. Сондықтан қасиетті Құран кәрімде кісі ақысына қатысты мәселеде ең әуелі ата-ананың орны айтылып, аят пен хадистерде оларға құрметтің маңыздылығы Аллаға ғибадат етуден кейінгі ретте көрсетілген.

«Ұрпағым – жұбанышым»

Ата-анаға құрметтің өлшемін білдірген аяттардың бірінде Алла тағала: «Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және сыпайы сөйле...»16 – дейді.

16 «Исра» сүресі, 23-24-аяттар.

Бұл аятта Алла тағала ата-ананы неліктен «екеуі» деумен қатар «олардың бірі» деп бөліп айтқан? Осы сөздің өзінде терең сыр бар: «Бір жағынан алып қарағанда ата-ана бір-біріне өмірлік жолдас. Олар өмірдің тәттісін де, ащысын да бірге тартып, бірге бөліседі. Бірақ, барлық тіршілік иесінің басына келетіні секілді бір күні олардың да арасын өлім айырады. Өмірлік серігін жоғалтқан жан қара жамылып, қайғылы күндердің қойнауына енеді. Ол үшін бұл өмір қаңсырап қалған бос дүниедей көрінеді. Жалғыздыққа үйренісе алмай кейде о дүниелік болған жұбайының зиратына барып, ішіне бүккен қайғыдан көкірегі қарс айрылып, көз жасын көл қылады. Өзінің қайғысымен қоса дос-жарандарының, туған-туыстардың арасынан да бұл дүниемен қош айтысып жатқандар оның еңсесін одан әрі баса түседі. Сондықтан Құран бізге былай деп ескерту жасайды: «Осындай аянышты күйге түскен әкелеріңе немесе аналарыңа баласы ретінде қолдау көрсетіңдер. Жығылған үстіне жұдырық болмаңдар. Оларды қарттар үйіне жіберіп, көшелерде қаңғыртып, қайысқан қабырғасын қаңсыратпаңдар. Ол қазір ең ауыр күндерін басынан өткізуде. Айналасынан қайғысын бөлісетін дос іздейді. Өмірінің үмітіне айналған баласының өзіне көңіл бөлгенін қалайды. Немерелерінің басынан иіскеп қайғысын сейілтуге тырысады. Жалғыздық қасіретін ұмытып, өзін бақытты сезінгісі келеді».

Шын мәнінде Алла тағала аятта «олардың бірі» деп бөліп көрсету арқылы, адамзатты «өмір» деген ауыр соқпақта жол серігінен айрылып, көңілі құлазыған қарттың ішкі жан дүниесін түсінуге шақырады. Өте сезімтал жүрекпен, шын пейілмен оларға қызмет көрсетуді бала-шағасынан талап етеді. Қартайған шағында көңілшек боп кететін қарт жан-жарынан айрылғанда тіпті қауқарсыз сәбидей қорғансыз күйге түседі. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың:

Неменеңе жетістің, бала батыр?

Қариялар азайып бара жатыр.

Бірі мініп келместің кемесіне,

Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр, – деп дөп басып, өлеңмен өрнек өргені тәрізді, қарттыққа бой алдырған жан, оның үстіне ғұмырлық серігінен айрылса, «күнінде асыл десең де, қартайған күнде ер жетімнің» күйін кешеді. Ондайда оның хал-ахуалын жиі сұрап, ас-суын әзірлеп, дәрі-дәрмегін уақытымен ұсынып, көрпе-жастығын жайлы етіп төсеп, отбасының қуанышты жаңалықтарын бөлісіп, әңгімелесіп, талап-тілегін сұрап отырған абзал. Сонда жалғыздықтан жабырқап жүрген қарттың жаны рахатқа бөленіп, бір жасап қалады. Іштей баласына елжіреп, батасын беріп, ризашылығын білдіреді. Сондықтан дінімізде адам баласынан қай кезде болмасын ата-анасына жұбаныш болу талап етілген.

материал «Жұмақтың кілті жаныңда» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: