28
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Бала емізудің анаға берер пайдасы

Бала емізудің анаға берер пайдасы

Исламдағы отбасы
Жарнама

Сәбидің тіршіліктегі ең алғаш татар нәрі – шешесінің сүті. Ғалымдардың соңғы зерттеулері осы бір ана сүтінің маңызын күн сайын арттыра түсуде. Әр жаратылысқа өз рызық-несібесін келісті тағайындаған Алла Тағала сәби мұрнына сүт иісін тез сезетін қасиет  дарытқан. Соның арқасында жас нәресте ерніне тиген нәрсеге дереу ауыз салып, еме бастайды.

Тіпті, туылғанына жарты сағат өтпей жатып оның еміп кетуі таңғаларлық. Ему кезінде баланың бүкіл ағзалары жұмыс істейді. Бастағы қан айналымы жақсарып, жақ сүйектері мен ауыз, ерін бұлшық еттері тез жетіледі. Оған ең алдымен уыз берілуі де ғажап. Өйткені, уыз құрамы сәбидің әл жинауына, тез ширауына қажетті витаминдерге өте бай. Бір қызығы, бала өскен сайын ана сүті құрамындағы қоректік заттар да қоса өзгеріп отырады. Бұл – оның ғажайыптығы. Қазақтың әлсіз, әлжуаз балаларды көргенде «уызға жарымаған» деп жатуының мәні осы.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2004 жылдың 1-7 Тамызында өткізген емшекпен емізудің артықшылығын насихаттайтын халықаралық апталығын «Емшекпен емізу – алтын стандарт» деп атады. Емізу жөнінен Халықаралық кеңесшілер ассоциациясы «Күн сайын балаңыздың иммунитетін арттырыңыз! Балаңызды өзіңіз емізіңіз!» деген кеңес беруде. Өйткені, баланы көкірегімен емізу ана денсаулығына да пайдалы. Ол сүт безінің қатерлі ісікке (рак) шалдықпау қаупін 10, жатырдың қатерлі ісікке шалдықпауын 2 есе төмендетеді. Психологтардың айтуынша, емізу кезінде шешесінің бар жан-тәнімен сәбиді көкірегіне қысуы, аймалауы, өбектеуі, сөйлеуі, еміренуі, мейірленуі, маңдайынан иіскеуі, сылап-сипап, ерекелетуі арқылы бала мен ана арасындағы ұзақ жылдарға жалғасатын өзара сүйіспеншілік, махаббат, қимастық сезімдері қалыптасады, баланың физикалық, әлеуметтік, психологиялық, рухани жан дүниесі толысады. Ал, сүт қоспаларымен қоректендіруде бұндай жылы сезімдердің болмасы анық. Ана сүтін емген балалар тез тіл табысқыш, адамға жұғымды болып өседі. Ал, ана сүтін ембей өскен балаларда жасөспірім шақта қатігездік, қылмысқа бейімдік көп байқалған. Емізу баланы да, ананы да жайлы сезімге бөлейді. Сәбидің тәтті ұйқыға кетуі сүт құрамындағы белок арқылы жүзеге асады. Баланың борпылдатып емуі ананың денесін жұмсартып, еміренуін арттырады, шаршағанын басады. Баламен қатар ананың жүйке жүйесіне де емізудің пайдасы зор.  

Емшекпен емізу алғашқы алты айда егер етеккір мезгілі келмеген болса, әйелдің тағы да бала көтеріп қалуын тежейді. Жүкті кезде пайда болған қосымша салмақтан арылтады.    

материал «Сенім және ақиқат» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: