28
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Күйеуім – менің жұмағым немесе тозағым

Күйеуім – менің жұмағым немесе тозағым

Исламдағы отбасы
Жарнама

Арайлап атқан әрбір таңда мен күйеуімнен ертерек оянып, оның ас-суын қамдаймын. Өйткені дайын тұрған дастархан оның көңілін көтеретінін білемін.Әр күн сайын оны жұмысына күннің көзіндей күлімдеп шығарып саламын.

Өйткені ол жұмысынан соң мені көру үшін үйге қарай асығады. Ол келгенде, үйдің айнадай таза, ал дәмді тағамның дайын болуына бар күшімді саламын. Өзім де барынша көрікті киімдерімді киіп, жағымды жұпар себініп алуға тырысам. Өйткені күйеуім өзімен екі дүниеде бірге болатын адал жарын көргенде, көзі тойып, көңілі байыз тапқанын жан жүрегіммен қалаймын. Үй шаруасының бітпейтін күйбеңдерін үйіп-төгіп, оның еңсесін түсіргенді қаламаймын. Өйткені оның менсіз де жұмысынан шаршап келгенін жақсы түсінемін. Отбасымыздың қажеттіліктерін оның көңілі көтеріңкі, уақыты кең кезде ғана айтып жеткіземін.

Мен оның ата-анасын шын ынтаммен құрметтеймін. Оларға қолымнан келген бар жақсылықты жасаймын. Өйткені Алла Тағала менің асыл жарымды дүниеге жіберу үшін өзгені емес, дәл сол кісілерді таңдаған. Туған-туыс, ағайындарын да шын пейілмен, күліп қарсы аламын. Өйткені олар мені көріп мұсылмандыққа баға беретінін сеземін.

Бөтен еркектермен еш уақытта әңгіме сапырып тұрмаймын. Өйткені күйеуім ондай қылықты ұнатпайтынын жақсы білем. Аурып-сырқаттанғанымды да оған білдірмеуге тырысамын. Өйткені оның өз отбасын қатты уайымдайтыны маған мәлім. Ал оның мазасы қашып, ауыра қалса, әрдайым жанынан табылуға тырысамын. Себебі мен оған өте керекпін.

Иә, оның ашуға булығып, ренжитін кездері де болады. Бірақ ондай кездерде ә десе, мә деп, оның әр сөзіне жауап беріп отырғым келмейді. Себебі оның реніші де, ашуы да шәйі орамал кепкенше. Рас, кейде қым-қуыт жұмыстарының арасында маған көңіл бөле алмай да қалады. Бірақ ол үшін мен ренжімеймін. Өйткені ол не істесе де, отбасының бақыты үшін шаршап жүр.

Біз бәрібір ет пен сүйектен жаралған пендеміз. Сондықтан кей кейде ыдыс-аяқ та сықырлап қалады. Ондай кездерде көбінесе оны үндемей жеңуге тырысам. Өйкені қазір болмашы себепке бола талай үйде Алланың алдында қиылған ақ некенің бұзылып жатқаны маған мәлім. Айтпай келген кейбір кикілжіңнен кейін бірінші болып кешірім сұрайтын да менмін. Ақыретте бірінші кешірім сұрағандар мол сауапқа кенелетінін мен анық білемін. Ол менің қасымнан қашан да жақсы көңіл-күймен кеткенін қалаймын. Өйткені ол үйден ұрыс керіспен шықса, содан соң біреуіміз күтпеген жерден ажалға қауышсақ, ең соңғы ұрысымыз үшін мәңгі бақи қиналатынымызды білемін.

Оның үй шаруасына жұмса деп берген қаражатын тек қажет нәрселерге ғана үнемдеп жұмсаймын. Өйткені Алла менен оның да есебін міндетті түрде сұрайды.Үйіміздің қашан да тыныш, берекелі, көңілге жағымды болуына жағдай жасаймын. Өйткені әрбір мұсылман еркек үйленер кезде сондай шаңырақты армандайды. Әрбір түнде оның менен разы болып ұйқыға жатқанын қалаймын. Өйткені күйеуі разы болмай ұйқыға кеткен әйелге таң атқанға дейін лағынет, қарғыс жауып тұратынын жақсы білемін. Иә, мен бәрін де дәл осылай жасаймын. Өйткені мен білемін: КҮЙЕУІМ – МЕНІҢ ЖҰМАҒЫМ НЕМЕСЕ ТОЗАҒЫМ!

материал “Ең бақытты әйел” кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: