27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Ата-ана қылықтарының балаға әсері

Исламдағы отбасы
Жарнама

Баланың іс-қимылына қарап-ақ, оның қандай отбасында өскенін аңғару қиын емес. Өйткені, баланың ес білгеннен қалыптасатын іс-әрекеті  «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсіңге» саяры сөзсіз. Отбасының балаға жасаған іс-әрекеттері қандай болса, бала бойында  да сондай іс-әрекеттер қалыптасады. Бұл турасында тәжірибелі педагог Бақыт Кәкіжанқызы мынадай ой айтады:

«Ата-ана – бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата-аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл-өыздармен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа. Жанұядағы жанжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді. Бала алдында әке-шеше, үй ішінің, үлкендердің әдептілік танытқаны жөн. Мысалы, арақ пен темекінің толып жатқан зиянын біле тұра, балалардың көзінше арақ ішіп, үсті-үстіне темекі тартқандар бар. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді, ертең-ақ ұл өсіп ер жетеді, қыз өсіп бой жетеді. Сонда арақ пен темекінің зиянын қалай ұқтырамыз.

Негізінен жанұяның шырқы бұзылған, ата-анасы маскүнемдікке салынған немесе жарамдық жағынан азғынданған ортада бала, жасөспірім қашанғы жиренішті көріністі, ондағы айқай-шу мен дау-жанжалға, ұрыс-керіске шыдап жүре бермек. Басқа өмір аңсайды немесе теріс тәрбиеге тез бой алдырып үлгереді, егер осы теріс жолға мүлде бет бұрып кетсе, онда бәйтеректің бір бұтағы қисық өсті дей беріңіз. Бақытсыз қыз, бұзақы ұл осыдан шығады. Сонда негізгі кінәні кімнен іздейміз?!»

Төменде бір-біріне мүлдем ұқсамайтын үш түрге жататын ата-аналар көрсетіліп әрі олардың әрқилы әрекеттері  нәтижесінде  баланың қандай болып өсетіндігі берілген.

1. Қорғаушы

2. Қысым  көрсетуші

3. Демократияшыл

   1. Қорғаушы отбасының іс-әрекеті. Егер сіздің іс-қимылыңыз  төмендегідей болса, онда қорғаушы отбасығатән.   /Баланың асты-үстіне түсіп бәйек боп, барынша айналып-толғану немесе тым өбекшіл болу/

– Ойбай-ау, жарығым-ау. Құдайдан сұрап алған құлыным ғой менің, сені жылатқанның көзі шықсын!

– Қарның ашып қалмасыншы, жаным! Ұрты томпаңдап жүргені қуаныш емес пе бұның?!

– Қарашы, тамақты тағы да тауыспапты. Менің баламның аузы аспандай, кәне, кәне, мыналарды  да жей ғой.

– Айналайын-ай, ауыра көрмесінші. Түшкірсе де дәрігерге қаратып тұрғанға не жетсін!

– Көзіңнен таса қылмашы құлдығымды, бірдеңеге ұшырап қалар.

– Ойнаса да, өзің қасында жүрсейші?! Балалар ұрып кете ме, шалынып құлап қала ма, кім білсін?!

– Түн ортасында балмұздақ жегім келді дей ме? Сол да сөз болып па, тәйірі? Ашық дүкен әлі де бар шығар?!

– Жолыңа құрбан боп кетейін, киімін өзің-ақ киіндіре салшы, тегі? Тамағын да өзі жей алмайтын шығар, сен жегіз!..

– Күнім сол, менің жаным да, барым да сенсің, айналайын!

Онда балаңыз мынандай болып өседі:

– Өзімшіл;

– Артынан біреудің ылғи да жүгіріп жүргенін қаламайтын;

– Үй ішінде де, сыртта да ешкіммен басы піспейтін;

– Қорғаушысы болмаса өзін жалғыз сезінетін;

– Өмір бейнетінен қашатын;

– Өзіне сенімсіз;

– Тәртіпсіз, тиіскіш;

– Тәуелділіктен арыла алмаған;

– Қате істерге басқалар жауапты деп білетін;

– Көзге онша түсе бермейтін;

– Біреу көрсеткен жолмен ғана жүретін, яғни басқа біреудің 

  басқаруымен жұмыс істейтін;

– Өз балаларын тәрбиелеуге дәрменсіз;

2. Қысым көрсетуші отбасы іс-әрекеті. Егер сіздің іс-қимылыңыз төмендегіше болса, ондақысым көрсетуші отбасығатән./Баланың ой-пікірі  мен сезімдеріне мән бермеу/

– Тыңдама баланың айтқанын! Мынау жөнді, мынау жөнсіз деп қарап жатпа!

– Ешқашан айқанын істеуші болма!

– Бетін қайтарып ұрсып таста! Өте қатал бол!

– Сенен қорқатын болсын!

– Есіртпе, жазасын беріп, көкесін таныт әбден! Көрсін сенің күшіңді!

– Не істесе де ылғи өзің араласып отырмасаң, ол бәрібір өздігінен  ештеңе істей алмайды.

– Осы неменің, тегі, бірде-бір  оңды қылығын көрмеппін! Жанына батырып тұрып сына!

– Елдің алдында қатты ұялтып, келеке қылсаң, істеген қылығынан сабақ алып, екінші ұмытпайтын болады!..

Онда өзіңізге қарсы шығуымен қатар төмендегідей:

– Ашуланғыш;

– Жаны ашымайтын;

– Өзінен әлсіздерге әлімжеттік жасағыш;

– Өз кінәсін мойындамайтын;

– Бет қаратпайтын;

– Тіл алмайтын, қырсық болады.

Не болмаса төмендегідей тұйық болып өседі:

– Тез жылағыш;

– Сезімталдық күйзеліске бейім;

– Іштен тынғыш;

– Момын;

– Өзіне сезімсіз;

– Өзгелерді қуанту үшін өмір сүретін, өзін еш есепке алмайтын;

– Ойын айтуға  батпайтын;

– Ұялшақ әрі жалыққыш.

3. Демократияшыл отбасының іс - әрекеті.  Егер сіздің іс-қимылыңыз төмендегіше болса, онда демократияшыл  отбасыға тән /Баланың да ой-пікіріне мән беру, сезімдерімен санасу/.

– Не істесе де, аз да болса еңбектенгендігін, тырысқандығын айтып, оны қолда! Оған сенім артатындығыңды білдір!

– Қандай да бір жағдай боп қалғанда баланың не айтқанын бүкіл жан-тәніңмен, бар жүрегіңмен тыңда!

– Қисынды нәрсе сұраса, баланың меселін қайтарма!

–  «Бала, баланың ісі шала» деген, баланың қателік жасай жүріп есейетіндігін ұмытпа. Баланы қателіктерімен қоса жақсы көр.

– Баланы еркін ойлап, еркін сөйлеуге дағдыландыр. Сенен басқаша ойлауы мүмкін екендігін де естен шығарма. Тіпті сенен өзгеше ойлаған күннің өзінде оның ой-пікіріне құрметпен қарай біл.

Онда сіздің балаңыз:

– Көпшілікпен тіл табыса алатын;

– Ортақ іске әзір;

– Өзін түсінетін;

– Достарымен тату;

– Сезімталдығы байсалды;

– Тіл табысқыш;

– Бақытты;

– Өзіне сенімі мол болып өседі.

материал «Балам жақсы болсын десеңіз» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: