27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Бала тәрбиесіндегі жаман сөздің зияны

Бала тәрбиесіндегі жаман сөздің зияны

Исламдағы отбасы
Жарнама

Тәрбие барысында ата-ананың сөзге абай болғаны жөн. Себебі, ата-ананың аузынан шыққан әрбір жаман сөздің бала жанына дақ түсіретіні ақиқат. Жаман сөздің қатарына қорлау, масқаралау, ұрсу, боқтау, қарғапсілеуді жатқызуға болады.

Екі жаһан сардары жаман сөз айтуға қатаң тыйым салған. Ол: «Мұсылман кісі біреуді жамандап, лағынет айтып қарғамайды, ұятсыз жаман сөздер айтпайды» деп, мұндай сипаттың мұсылмандыққа жатпайтынын білдірген. Тағы бірде: «Ешкімді «Құдай сені қара бет қылсын, жүзің күйсін!» деп қарғыс айтпаңдар»; «Мұсылман кісіге лағынет айту оны өлтіргенмен тең» деп, мұсылмандарды жаман сөзден аулақ болуға шақырған. Хазірет Әнас

Пайғамбарымыздың ешкімге дауыс көтермегенін, жаман сөз айтпағандығын, лағынет етпегендігін айта келіп «Біреуге ұрысқысы келген кезде «Пәленшеге не көрінді, Алла оны түзетсін!» дейтін». Кейбір мүшіріктердің жер бетінен жойылып кетуі үшін дұға етуін сұрағандарға да Рақым пайғамбары: «Мен лағынет айтып, қарғыс жаудыру үшін емес, мейірім ретінде ғана жіберілдім» дегені мәлім. Адамдар түгілі жан-жануарларға да бәддұға (теріс бата, жаман тілек) жасауға тыйым салған Ардақты елші: «Балаларыңа қарғыс айтпаңдар, бұл қабыл болуы мүмкін» деп балаларға ұрсып, қарғап-сілемеу керектігін ескерткен-ді.

Мұсылман ғалымдары хадистегі «қабыл болуы мүмкін» деген сөзді негізге ала отырып мұндай жаман тілек, теріс бата баланың мінезін өзгертіп, тәрбиесіне кері әсер ететінін баса айтқан. Бірде бір кісі Абдуллаһ ибн Мүбәрәкқа келіп баласының тәртіпсіз, бұзық екенін айтыпты. Абдуллаһ ибн Мүбәрәк: «Балаңды қарғыстап па едің?», – деп сұрапты. Әлгі адам: «Иә», − деп жауап берген кезде, «Онда баланы өзің бұзған екенсің», − деген жауап естіген екен.

Имам Ғазали балаға ұрса беретін болса, оның бұл сөздерге әбден еті үйреніп жаман қылықтарды жасауға одан әрі батылдана түсетінін, айтылған сөздің балаға мүлде әсер етпей қалатынын айтады. Балаларға жаман сөз айтып ұрысуға тыйым салған имам Шафиғи «Бұл әрекет баланың өз бауырларына, тіпті өзіңе қарсы шімірікпестен дәл солай сөйлеуіне апарады» дейді.

Жаман сөз баланың психологиясына және тұлғалық қалыптасуына кері әсер ететінін қазіргі мамандар да бірауыздан құптайды. Балаға ұрса берсе, кейін оның бұл сөздерге еті үйреніп қалатындығы соншалық, ондай сөздерден ләззат алатындай дәрежеде психологиялық ауытқушылықтардың қалыптасатынын айтады. «Сені тастап кетемін», «саған ана болмаймын», «сені жек көремін», «басқа бір бала асырап аламын», «өлтіріп тынатын болдың ғой» т.б. сияқты сөздер баланың бойында сенімсіздік, қараусыз қаламын деген үрей, өзін қор санау сияқты комплекстердің қалыптасуына жол ашатынын айтады. Балаға «сен жамансың, ақымақсың, қолыңнан түк келмейді» дей берсе бала соған сеніп, солай қабылдап қалады. Оның орнына «сен жақсысың, сүйкімдісің, ақылдысың» деу керек. Сонда ол жақсы, еңбекқор, пысық, сүйкімді болып сені ренжітпей риза ету үшін барын салады» дейді.

материал «Исламдағы бала тәрбиесі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: