27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Ер адам өз отбасында не нәрсеге көңіл бөлу керек?

Ер адам өз отбасында не нәрсеге көңіл бөлу керек?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Отбасы бақытының мықты негізге қалануы салиқалы әкенің жанұяны дұрыс басқаруына тікелей байланысты. Салиқалы әке дегеніміз – отбасының күнкөрісін, тәрбие алуын, қорғалуы мен тәртібін ең көркем түрде орындап, қадағалайтын әке деген сөз. Ал бұл өз алдына білімді болуды, көзі ашық, көкірегі ояу болуды, еңбекқорлықты және ең бастысы, иманды да көркем мінезді болуды қажет ететін дүние.

Осы тақырып төңірегінде тағы да біраз айта түссеңіз. Әке өз отбасын қандай нәрселермен қамтамасыз етуі тиіс? Ер азамат үйленуге шешім қабылдаған кезде ең алдымен өзін және өз мойнына алған бала шағасын адал киіндіріп, тамақтандыратындай табыс көзіне мұқтаж. Өйткені асыл дініміз отбасының күнкөрісін қамтамасыз ету міндетін еркектің мойнына артып қойған әрі арнайы соған байланысты оның мұрагерліктегі үлесін артығырақ етіп белгілеп қойған. Сондықтан ер азамат табыс көзі болса, үйленуге қадам жасауы керек. Әрине, өзін асырай алмай жүрген адамның үйленіп алып, басқаларды да қиын жағдайда қалдыруы дұрыс емес.

Сонымен қатар, қолындағы мүмкіншіліктердің аздығына қарамай, діни міндеттерімді орындаймын деген ниетпен үйленген адамға Алла жәрдем ететіні де рас. Өйткені Хақ Тағала өз мейірімінің кеңдігін ескерте отырып, үйленуге шақырады: «Араларыңдағы үйленуге дайын бойдақтарды, құлдарың мен күңдеріңді үйлендіріңдер. Егер олар пақыр болса, Алла өз кеңшілігімен оларды байытады. Алланың кеңшілігі мол, бәрін білуші» (Нұр сүресі, 32-аят).

Бұл аяттан ұғатынымыз – қоғам ішіндегі үйленуге шамасы келетіндер ертерек үйленгені, өз шамасы келмегендер басқалардың көмегімен үйлендірілгені абзал. Бұл Ислам қоғамының ортақ жауапкершілігі. Шын мәнінде, бұл үлкен қайырдың есігі. Себебі, осы арқылы қоғамның және оның мүшелерінің ар-намысы қорғауда болады.

Ар-намыс – адамға берілген ерекшелік. Өйткені, өзге жаратылыс иелерінде ар-намыс мәселесі жоқ. Бірақ адам осы адамдық сипатын жоғалтып алса, басқа мақлұқаттың, жан-жануардың дәрежесіне түсіп кетеді. Еш күмәнсіз, Алланың әр адамға берген зейін мен күші, қабілет пен бейімділіктері әр-түрлі болып келеді. Сондықтан мамандықтар мен кәсіп түрлері пайда болған.

Қоғамдағы тәртіптің бұзылмай жалғасуы үшін әр қажетті мамандық пен сол мамандықтың иелеріне мұқтаждық бар. Қоғам арасында қасап та керек, тазалықшы да, дәрігер де, оқытушы да.. Олай болса, әркім өз мүмкіншіліктеріне қарай отбасын құруға тырысуы керек. Бірақ отбасы құрылатын кезде екі жақтың әлеуметтік жағдайларында теңдік болуы керек. Бұл тек материалдық жағдайы ғана емес, сонымен қатар алған тәрбиесі, білімі мен салт-дәстүр ұқсастығына да қатысты. Осылай болса, екі жақтың бір-біріне қоятын талаптары арасында отбасын шайқалтатын қайшылықтар болмайды. Түсінісу әлдеқайда оңай болады.

Мысалы, теңі емес әйелге үйленген еркек ол әйелге үйреніп қалған жағдайда тіршілік құрып бере алмаса, оның обалына қалады. Егер екеуі бірін бірі өте үлкен махаббатпен жақсы көрсе, мұндай қиыншылықтарға шыдауы мүмкін. Бірақ ондай махаббат жоқ деуге болады.

Сондықтан неке жалпы қағида бойынша, бір-біріне тең отбасылар арасында қиылғанда ғана әрқашан пайдалы да, абзал болып табылады. Бұлай дейтініміз, материалдық жағдайдың арғы жағында рухани әлемдері, қалаулары мен сенімдері бір-біріне жақын адамдардың түсінісуі мен бауыр басуы оңай болады. Тағы айта кететін жайт – әрбір отбасының материалдық жағдайы сол үйдің ер азаматының қызметі мен табыс дәрежесіне қарай өлшенеді. Ешбір әкеден күші мен табысы жетпейтін нәрселерді талап етуге балалары мен жұбайының хақы жоқ. Әке тек өз табысына сай мөлшерде ғана «баспана, азық-түлік пен киім» жеткізіп отыруға міндетті. Баспана мейлі жалға алынған болсын, мейлі жеке меншік болсын, отбасы мүшелерін емін-еркін паналайтын үлкендікте және мүмкіндігінше жақсы жерден, жақсы көршілер арасынан таңдалғаны жөн. Басқа жерде тұруға мүмкіншілік бола тұра тәрбиесіз, бұзақы көршілердің арасында, денсаулыққа зиянды аймақта тұруға мәжбүрлеу отбасы мүшелеріне жасалған зұлымдық болады. Мұндай қателік уақыт өте келе үйдегі тәрбиенің бұзылуына, тіпті, отбасының күйреуіне апарып соғуы мүмкін.

Азық-түліктің мөлшері отағасының тапқан табысына байланысты. Бұл мәселеде ол жалқаулық танытпауы керек. Өз мойнына көп алып, қатты қиналып да қалмауы керек. Отағасының міндеті – үздіксіз еңбек етіп, отбасына жеткілікті болардай азық тауып отыру. Мұндағы тепе-теңдік – ысырап болатындай жұмсамау әрі қатты сараңдық танытпау. Өкінішке орай, ысырап бүгінгі таңдағы ең үлкен мәселелердің бірі. Бүгінде көп адам ысырап мәселесіне ат үсті, селқос қарайды. Ал негізінде ер азамат бай болған жағдайда да ысыраптан сақ болуға міндетті. Әйтпесе, ысыраптың қасіретін көріп, мұқтаж жандардың обалына қалады.

материал «Дүниедегі Жәннат – Тұғырлы отбасы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: