27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Исламдағы отбасы: сүйіспеншілік пен құрмет

Исламдағы отбасы: сүйіспеншілік пен құрмет

Исламдағы отбасы
Жарнама

Адамзатты махаббатпен жаратқан Алла тағала күллі болмыс арасын сүйіспеншілік пен мейірімділік сезімдері арқылы жіпсіз байлап тастаған. Адам баласы жалған дүниенің ауыр жүгін осы сүйіспеншілік арқылы көтере алады. Егер махаббат пен мейірім болмаса, ешбір тіршілік иесі бір-бірін жақсы көріп, өзара отаспас еді.

Сондықтан Жаратқан иеміз: «Бауыр басып, тұрақтауларың үшін, өздеріңнен жұбайлар жаратып, араларыңда махаббат пен мейірімділік сезімін оятты. Бұл Оның бар екендігінің дəлелдерінен», – дейді. Осы аяттан адамдар арасындағы сүйіспеншілік пен мейірім сезімдерінің Алла тағаланың берген сыйы екенін ұғамыз. Адам баласы осы асқақ сезімдерді Жаратқанның сыйы ретінде бағамдап, қастерлей білуі қажет.

Отбасы – сүйіспеншілік мекені. Сүйіспеншіліктен мақұрым қалғандар отбасының түтінін түзу түтете алмайды. Осы тұрғыда əсіресе, ер кісі əйелін жақсы көретінін жиі білдіруі тиіс. Ерінің өзін ұнататынын сезген сезімтал əйел заты да аянып қалмасы белгілі. Бір-бірін жақсы көріп, құрметтеген жұптың тұрмыс жағдайлары төмен болса да, олар өздерін бақытты сезінеді. Ыстық ұясында сүйіспеншілік көрмеген адам бақытты сырттан іздейді. Мұндай жағдайда отбасы шырқының қандай болары айтпаса да түсінікті. «Өздеріңді жақсы көрген, сендер де оларды жақсы көретін, құрсақ көтере алатын əйелдерге үйленіңдер» немесе «Мұсылман жақсы көреді һəм өзі де жақсы көріледі. Жақсы көрмеген жəне жақсы көрілмеген адамнан қайыр жоқ» деген хадис мұсылман үшін сүйіспеншіліктің орнын тайға таңба басқандай етіп көрсетіп берген. Мұсылманның кез-келген ісі Алла разылығына бағытталатыны секілді, отбасындағы сүйіспеншілік те сол асқақ мақсатқа негізделуі керек. Оның өлшемі қол ұстасқан екі жастың жан сұлулығында, бойындағы көркем мінезі мен адамгершілігінде жатыр. Сонда ғана асқақ сүйіспеншілік өміршеңдігімен танылады. Əйтпесе тəн сұлулығына, дүниелік мүдделерге негізделген сүйіспеншілік алақандағы мұз секілді қас-қағым сəттік қана болады. «Күйдім, сүйдім» деп жүргендердің көп өтпей бір-бірінен ат-тондарын ала қашып, қос тарапқа сүрлеу салып кететінін бəріміз білеміз. Ал Алла разылығына негізделген сүйіспеншілік қана тамырын тереңге тартып, сынақ өмірдің бар соққысына төтеп бере алмақ. Өйткені олар тек осы дүниеде ғана емес, ақыретте де бірге болатындарына иман еткен. Cүйіспеншіліктің баянды болуы үшін жұбайлар бір-бірін бағалай білсе, Жаратқанның да бұларға беретін бағасы жоғары болады.

Ер кісінің қосағымен көркем қатынас жасауы Аллаһ тағаланың бұйрығы. Жаратқан иеміз Құранда: «(Уа, иман келтіргендер!) Олармен жақсы қарым-қатынаста болып, тату-тəтті өмір сүріңдер. Егер оларды ұнатпай қалсаңдар (сабырлылық танытыңдар), қайдан білесіңдер, бəлкім сендер ұнатпаған нəрсеге Аллаһ тағала көптеген жақсылықты жазып қойған болар», − дейді.

Ардақты Пайғамбарымыз да (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм): «Əйелдеріңе ізгілік пен туралықты насихаттаңдар. Олармен жақсы тұрыңдар, жақсы қараңдар», – деген.

Отбасында сүйіспеншілік баянды болуы үшін жұбайлар бір-біріне жақсы көретіндіктерін жиі айтып тұрғаны жөн. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) «Жақсы көрген адамдарыңа жақсы көретіндіктеріңді айтыңдар» деп бұйырған жəне «Жақсы көргенін айтудың өзі сауап» – деп, сүйіспеншілікке құштарландырған. Хазірет Омардың (р.а.) кезіндегі мына оқиға ғибраттылығымен құнды.

Күндердің күнінде бір кісі əйелінен «Мені жақсы көресің бе?» деп сұрайды. Əйелі сүймейтінін айтады. Салы суға кетіп мең-зең болған отағасы оқиғаны хазірет Омарға (р.а.) келіп айтады. Халифа əйелді шақыртып алады.

– Не үшін күйеуіңе сүймейтініңді айттың?

– Жаным қалап тұрмаса «жақсы» көремін деп жалған айтайын ба? – дейді əйел. Сонда халифа Омар (р.а.) əйелге:

– «Иə, еріңнің жүрегін ауыртқанша, жалған айтқаның жөн еді. Жақсы көрмесеңдер де өмірлік серіктеріңе жақсы көрмеймін деп айтпаңдар. Рас, сүйіспеншілікпен құрылған отбасылардың саны өте аз. Бірақ адамдар мұсылман болғандары үшін немесе басқа да себептерге байланысты бірге өмір сүре береді», – деген екен.

Ислам дінінде үлкен күнə болып саналатын өтірік сөзге ерлі-зайыптылардың арасын түзету кезінде рұқсат берілген. Осыдан-ақ ерлі-зайыптылар жарастығының өте маңызды екенін көреміз.

Отбасы мүшелерінің бір-бірін жақсы көретінін сезінуі үйдің сəнін келтіріп, жанға лəззат сыйлайды. Отағасы əйелін сүйе білсе, əйел заты онсыз да ерінен шыға алмайды. Өзін басқалардан жоғары қою Алла тағала ұнатпайтын мінездердің бірі. Отбасы мүшелерінің арасында болса бұл тіптен жаман. Күйеуі мал тапқанын міндетсіп, бейне тау қопарғандай көкірек керсе, əйелі де қалыспай, «мен болмағанда бейшара болып тентіреп кетер едің, осы жүргенің менің арқам» деп кердеңдесе, ол үйден береке іздемей-ақ қойыңыз. Мұның емі кішіпейілдік, мұндай қасиетті бір түзесе тақуалық түзейді. Себебі Құранда: «Шүбəсіз, Алланың алдындағы ең ардақтыларың – тақуаларың», – дейді. Ал, тақуалықтың көрінісі Алла тағаладан қорқу, Оны тану, сол арқылы адамның көкірегінде Оған деген сүйіспеншіліктің лаулап жануы. Бұл дүниелік һəм ақыреттік міндеттерді толық атқарудан тұрады. Мұндай қасиетке ие болған жанның өзгелерді басынып, кемсітпесі анық. Көкірегіне нан піскен адамнан кісіні сыйлау мен кішіпейілдік күту қысыр сиырдан айран дəметкенмен бірдей қылық. Алла тағала мұндай адамдар жайлы шаруаларды ыңғайластырса, отбасының керек-жарағын даярласа, əйелі оның қабағына қарап, болысып отырса қандай құрмет?! Отауының берекесін арттырып, отбасылық ғұмырдың ыстық-суығына шыдап, барына аспай, жоғына саспай отырған əйелді неге аяламасқа?!

материал «Исламдағы жанұя» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: