Истихара намазы істің қай жақсысын рухани ишарат арқылы білуге сепболатын екі рəкаттық нəпіл намаз. Алғашқы рəкатта «Кафирун», екінші рəкатта «Ықылас» сүресін оқу – мұстахап. Намаздан кейін «Истихара» дұғасы оқылады. Дұғаны оқығаннан кейін адам жүрегінің қай жақын тартқанын таңдайды.
Бұл намаздың дəлелі мынау: «Аллаһ елшісі (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) Құраннан сүре үйреткендей истихараны үйретіп былай деді дейді Жабир ибн Абдуллаһ: «Кімде-кім бір іс жасамаққа ниеттенсе, парыздан тыс екі рəкат намаз оқып, мына дұғаны оқысын:
«Аллаһуммə инни əстахирукə би 'илмикə уə əстақдирукə би қудрəтикə уə əс-əлукə минфадликəл-азиим. Фə иннəкə тақдиру уə лəə ақдиру уə та'лəму уə лəə а'лəму уə əнтə 'алламуль-ғуйууб. Аллаһуммə ин кунтə та'лəму əннə һəзəл-əмра хайрун ли фи диини уə мə-'аши уə 'ақибəти əмри уə 'аажили əмри уə əəжилиһи фақдирһу ли уə иəссирһу ли суммə бəəрик ли фииһи. Уə ин кунтə та'лəму əннə һəзəл-əмра шəррун ли фи диини уə мə-'аши уə 'ақибəти əмри уə 'аажили əмри уə əəжилиһи фəс-рифһу 'анни уəс-срифни 'анһу фақдур лиəл-хайра хайсу кəнə суммə ардини биһи»
«Уа, Алла тағалам, шексіз іліміңе сүйене отырып, бір Өзіңнен ниет еткен ісімнің жақсылығын тілеп, жөн сұраймын. Шексіз құдіретіңе арқа сүйеп, бір Өзіңнен осы істе күш-қуат сұраймын. Бар жақсылықты Сенің мейір-шапағатыңнан тілеймін. Өйткені Сенің күшің бəріне жетеді. Ал менің қауқарым ештеңеге жетпек емес. Сен бəрін де білесің. Ал мен білмеймін. Сен Өзіңнен басқаға беймəлім ғайып əлемін де толық білесің. Уа, Алла тағалам, егер бұл іс дініме, өміріме жəне ақыретіме қайырлы болса, оны маған нəсіп ете гөр! Əрі оны мен үшін жеңіл һəм берекелі ет! Ал егер бұл іс дініме, өміріме жəне ақыретіме маған жамандық əкелетін болса, менен оның бетін ары қылып, мені де одан аулақ еткейсің! Жақсылық атаулы қай жерде болмасын мені соған жеткізе гөр! Сол арқылы мені қуанышқа бөлей гөр!».
Осыдан кейін мəселе айқындалмаса, намаз бен дұғаны жеті күн қайталау қажет. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) Əнасқа (р.а.) былай деген екен: «Уа, Əнас, қандай да бір іске ниеттенсең, истихара намазы мен дұғасын оқып, Раббыңнан жеті қайтара жөн сұра. Содан кейін жүрегіңе алғаш келген ойға көңіл бөл. Шүбəсіз жақсылық сол істе».
Истихара намазын күндіз оқуға болатыны сияқты толық ынта бөліп кешке жатардың алдында да оқуға болады. Алла тағала құлының білгісі келген істі түсінде ишарат жолдары арқылы да жеткізуі мүмкін. Жоғарыда көрсетілген истихара дұғасының арабшасын айту шарт емес. Қазақша мағынасын айтуға да болады.
материал «Исламдағы жанұя» кітабынан алынды,
ummet.kz