Отау көтеру адам өміріндегі ең қуанышты сəт. Өйткені отбасылық өмір осы дүниеде ғана емес, арғы дүниеде де жалғасын таппақ. Бір өкініштісі сол, адам баласы өткінші сынақтарға сабырсыздық танытып Алла ұнатпайтын ажырасуға барып жатады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм): «Алла тағалаға адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы – ажырасу» деп мұның оңды іс емес екенін айтқан.
Шаңырақтың шайқалуына түрлі факторлардың əсері бар десек, кейбір отбасылардың тағдырының ерте қиылуына əлеуметтік жетіспеушілік те себепкер. Иманының емес, мүлкінің молдығымен жұрттан озғанды тəуір көретін пенделік түсінік көп ошақтың отын өшіріп отыр. Жан мен мал қатар келгенде жиғанын құрбан қылып, «Бастан құлақ садақа» дейтін қазақ қоғамында дүние үшін ажырасу деген жаманат естілмейтін. Ал қазіргі ажырасқан жастардың айтатыны үйлерінің жоқтығы, жалақының аздығы сияқты өмірдің ұсақ-түйек сынақтары. Кейбір əйелдердің, сол əйелдің тəрбиесінде өскен балалардың тойымсыздығы мен таусылып бітпейтін қажеттіліктері үйдің еркегін дүние таппақ мақсатпен отбасын тастап, алысқа тентіреп кетуіне мəжбүр етеді. Ері мал іздеп түзде жүргенде көзден алыстаған көңілден де алыстайтынның кері келіп, ерлі-зайыптылар бір-біріне суып, араларынан ала мысық жүгіріп өткенін аңдамай да қалады. Таңертеңнен қара кешке дейін күнкөріс қамымен жүрген ері ыстық тамағымды жейін, бала-шағамның қасында тынығайын деп үйіне асығып келгенде, əйелі «анау жоқ, мынау жоқ», «жұрттың күйеуі əйеліне ананы алып беріпті, мынаны алып беріпті» деп қарсы алса, иманы əлсіз кей азаматтар ұрлыққа, пара алуға, ұтысқа белшемнен батып қалармын деген үмітпен құмар ойынға да барады. Ал енді шарасыз қалғандары ішімдікке салынады. Осы кезеңді кемеңгер Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) хадисінде былай деп суреттеген еді: «Ер адам əйелінің, ата-анасының жəне балаларының кесірінен құрдымға кететін бір уақыт келеді. Олар еркекті «кедейсің» деп жазғырып, шамасы келмейтін нəрселерді талап етеді. Осының салдарынан бұл адам қауіпті істермен айналыса бастайды. Ақыр соңында діні де, өзі де құрдымға кетіп тынады». Байлыққа берілуді отау ұйытқысының ең басты жауы десек те болады. Себебі байлық өте өзімшіл, менмен келеді. Оған бой алдырған əйел де, еркек те тəкаппар болады. Тек менде ғана бола берсе дейді. Басқаны былай қойғанда, жұбайына да мұрын шүйіре қарайтын болады.
Осылайша дүниеқоңыздық адамның ішіне күліп кіріп, өз дегенін істетеді. Көзін тұмшалап артынан жүгіртіп қояды. Бара-бара отбасында сүйіспеншілік біржола жоғалады. Ал бұл болмаған жерде адамдар өздерін мұз құрсанғандай салқын сезінеді. Ал мына суретті көз алдыңызға елестетіңізші. Қабырғасы кесектен қаланған, төбесі құрма ағашының діңімен, ұзынша бұтақтарымен жабылған, ені кісі бойындай ғана кеңдіктегі бір бөлмелі үй. Қоңыртөбен отаудағы жиһаз атаулыдан бір төсек, бір жастық, ұн мен құрма салатын бір табақ, су құятын ыдыс жəне су ішетін кесе ғана көзге түседі. Осынау ұядай шаңырақта кей күндері тұз бен наннан басқа тіске басар түк табылмай қалатын. Үйдегілердің бірнеше күнгі қоректері құрма мен су болатын. Кейде бірнеше ай бойы ошақтағы қазанға от тимейтін. Бұл Пайғамбарымыздың аяулы жары Айша анамыздың үйі еді. Бірақ бұл үй бүгінгі жұрт армандағандай алтынмен апталып, күміспен күптелмесе де, осы жұпыны қалпымен-ақ «Бақыт отауы» деп аталды. Айналып келгенде бəрі де кісінің иманына байланысты. Байлық керек болса, қанағат жетеді. Иманы бар салиқалы əйел жанбағарлық күнкөрісі болса, шектен шығып дүние қумайды. Қолында барға қанағат етеді. Күйеуінің шамасы келмейтін нəрселерге бола отбасын ойрандамайды. Ақыреттің мəңгілік жемістерін фəни дүниеге айырбастамайды. Қолында барын үнемдеп жұмсап, күйеуіне көмек көрсетеді. «Үнемдеген адам отбасында күн көріс тапшылығына ұшырамайды» деген парасатты Пайғамбардың (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) пайымын ұстанады. Əрдайым əз Пайғамбарды (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) жəне саңлақ сахабаларды үлгі тұтып, таршылықта да, кеңшілікте де шүкіршілік айта біледі. Осы ретте мына бір əңгімеге тоқталуды жөн көрдік.
Бір күні Ибраһим пайғамбар (а.с.) Мекке маңында өмір сүріп жатқан ұлы Исмайылдың хал-жағдайын білейін деп үйіне келіпті. Ұлы Исмайыл күнкөріс қамымен кетіп, үйде келіні ғана қалған екен. Ибраһим (а.с.) келінінен тұрмыс жағдайларын сұрайды. Келіні «жағдайымыз нашар, жанымызды зорға бағып отырмыз» деп шағымданады. Сонда Ибраһим (а.с.): «Күйеуің келгенде менен сəлем айт. Есігінің тұтқасын ауыстырсын» дейді де, кетіп қалады. Əкесінің артынша Исмайыл пайғамбар (а.с.) үйіне кіреді. Келе салысымен «Мен жоқта үйге ешкім келмеді ме?» деп сұрайды. Əйелі болған жайды баяндайды. Əкесінің сəлемдемесін естіген Исмайыл: «Əкем бұл сөзімен сенен ажырасуымды меңзепті» деп, кедейшілігіне шағымданған əйелімен ажырасыпты. Күндердің күнінде Ибраһим пайғамбар (а.с.) баласының жағдайын білмек болып Меккеге қарай қайта жол тартады. Бұл кезде Исмайыл пайғамбар (а.с.) басқа əйелге үйленген еді. Əкесі келгенде үйінде тағы да жас келіні ғана отырады. Бұрынғы келінін сынаған дағдысы бойынша одан да күн көрістерінің шамасын сұрайды. Бұл келіні Алла тағалаға шүкіршілігін білдіріп, жағдайларының жақсы екенін айтады. Сонда Ибраһим пайғамбар (а.с.): «Күйеуің келгенде сəлемімді жеткіз. Үйінің есігінің тұтқасын берік сақтасын» дейді де кетіп қалады. Исмайыл (а.с.) үйіне келгенде əйелі болған жайды жəне əкесінің сəлемдемесін жеткізеді. Сонда Исмайыл пайғамбар (а.с.): «Əкем сенен айрылмауым керектігін меңзеген екен», – депті.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) үмбетіне айтқан бір өсиетінде былай дейді: «Бұл өмірде дүниеге көз тікпе, сонда Алла тағала сені жақсы көреді. Өзгелердің қолындағы нəрсеге көз тікпе, сонда халық та сені жақсы көреді». Ерлі-зайыптылар күн көрісі қиындағанда кезекті бір сынақ деп біліп, Алла тағала одан бетерінен сақтасын деп, сол халіне шүкіршілік айта білуі керек. Ойбай, енді қалай күн көреміз деп байбалам салмай, бір-біріне демеу болып, жылы сөздермен сабырға шақырулары керек. Адам үшін бұл өмірдегі ең үлкен бақыт – көңіл тыныштығы. Көңілі тыныш, жаны шат адам қара су мен қара нан жеп те мамыражай өмір сүре береді. Сөздің реті келгенде айта кетейік, шама келгенше кедей отбасының бай отбасымен көп араласпағаны дұрыс. Себебі, адамның аты адам. Пендешілікке салынып байдың дүниесін қызғанбаса да, көзін сүзіп қызығуы мүмкін. Ажырасуға көбіне осы дүниеге деген қызығушылық кінəлі. Керісінше, өздері секілді қарапайым отбасылармен араласса, олардың кей жағдайларынан үлгі алып, Аллаға айтқан шүкіршілігінен жаңылмайды. Əрине, ер азаматтар да кедейлік деген өткінші сынақ екен, əйелім бұған сабыр етуге міндетті деп аяқты көкке көтеріп жатып алмай, қолынан келгенше отбасын қатардан қалдырмауы керек. Оның үстіне отағасының үйге əкелгені сауапты іс.
материал «Исламдағы жанұя» кітабынан алынды,
ummet.kz